21 қаңтарда түстен кейін Нұр-Сұлтанда "Астана Опера" театрының алдына 40-50 шақты әйел жиналып, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шығуын талап етті. Мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналардың басты талабы - баспана мәселесін шешіп беру. Олар "үкімет әрі қарай жеке меншікке өткізіп, сатып алатындай баспанамен қамтамасыз етсін" дейді.
Жиналғандардың кейбірінің қолында "Мүгедек балаларға баспана берілсін!", "Мүгедек баслаға баспана керек" деген жазуы бар плакаттар болды. Олар "Тоқаев!" деп айқайлады.
21 қаңтарда сағат 15:00-де "Астана Опера" театрында өтетін Абайдың 175 жылдығының ашылуына президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысады деп айтылған еді. Аналар президенттің ғимараттан шығып, аналардың сұрақтарына жауап бергенін қалайды. Дегенмен президенттің ашылуға келгені-келмегені белгісіз.
Әйелдер "министрлікке барып, кездесу өткізу туралы ұсынысты қабылдаған жоқ". Олар "биліктің уәдесінен мезі болғанын" айтады. Оларды театр ғимаратының сыртында омон жасақтары бөгеп, әрі қарай өткізбеді.
Оқиға орнында болған Азаттық тілшісінің хабарлауынша, мұнда 40-50 шақты арнайы жасақ өкілі болған және алты автобус тұрған.
- Қызым екінші топ мүгедегі. Баспана кезегіне 2014 жылы тұрғанмын. Міне, әлі жүрміз. Жұмыс істемейміз. Екеуіміз ғана тұрамыз. Жалғызбасты анамын. Күйеуім қайтыс болып кеткен. Баспана мәселесін айтып, бармаған жер, баспаған тауымыз қалмады. Балам 23-те. Жәрдемақы алмаймын. Бұған дейін барып едім, (мүгедектікке байланысты төленетін) үш айлық зейнетақыны есептеді де "47 мың теңге сізге жетеді" деп айтты. Пәтер жалдап тұрамыз. Ай сайын 30 мың теңге төлейміз. Бұған қоса, жарықты төлеу керек. Жұмыс істей алмаймын. Балаларымды қарау керек. Еркін қозғала алмайды, сөйлей алмайды. 47 мың теңге неге жетеді? - деді Жақсыгүл Асанова есімді тұрғын Азаттық тілшісіне.
Театрдан ешкім шыққан жоқ. Шамамен кешкі сағат 17:00-де әйелдердің бір бөлігі "жылыну үшін" Хан Шатыр ойын-сауық орталығы ғимаратына қарай бет алды. Жартысы үйлеріне тарасты.
13 қаңтарда да әлеуметтік мәселелеріне шағымданып, Ақордаға бармақ болған көп балалы, жалғызбасты және мүгедек бала тәрбиелеп отырған ондаған әйелді арнайы жасақ өкілдері жолшыбай бөгеген еді.
Видео: "Тоқаев!" Жәрдемақы жүйесіне наразы әйелдер билікке барды (13 қаңтар 2020 жыл).
ПІКІРЛЕР