21 қаңтарда Қазақстан жоғарғы сотының кассациялық алқасы 2018 жылы «терроризмді насихаттады» деген айыппен 7 жыл 8 айға сотталған Щучинск тұрғыны Дадаш Мәженовтің ісін Ақмола облыстық апелляциялық сот алқасына қайта қарауға жіберді. Бас прокуратура Мәженов ісін қараған Бурабай аудандық сотының үкіміне арыз түсірген.
Істі жоғарғы соттың судьялары Ғазиза Мұсабекова, Әбдірашид Жүкенов пен Роза Жакудина қарады. Наразылықты білдірген бас прокуратураның басқарма бастығы Марат Нұрмұхамедов сотталушының қорғаушылары мен адвокаттарының дәлелдемелері дұрыс тексерілмегенін, сараптама жасаған сарапшының тиісті лицензиясы болмағанын мәлімдеп, істі қайта қарауға жіберуді сұрады.
Сот шешімін оқыған кассациялық сот төрағасы Әбдірашид Жүкенов істің «апелляциялық сот алқасына басқа құраммен қайта қарауға жіберілетінін» айтып, «істі қайта қарау барысында сот құрамына сенбесе, оны ауыстыруға өтініш беруге болады» деді.
Бірақ сотталған Дадаш Маженовтің шешесі Ирина Маженова мұның бәрін халықаралық ұйымдардың былтырғы және оған дейінгі есептерінде Қазақстан діни бостандығына жасалған қысым туралы сынға қалған соң «жай жасалып отырған қойылым ба» деп уайымдайды.
- Біз бұған дейін бірінші сот отырысында қаншама дәлел келтірдік, тәуелсіз маман сараптамасын жасатып, Дадаштың ісінде тіпті ешқандай қылмыс құрамы болмағанын көрсеттік. Судья Жанна Салықбаева оның бірде-біріне құлақ түрген жоқ. Жеті рет сотқа сенімсіздік білдірдік, сонда назар аудармағанда енді әділ қарайды деп ойламаймын, - деді Ирина Мәженова Азаттыққа.
30 жастағы Щучинск тұрғыны, жас кәсіпкер Дадаш Маженов 2018 жылы 16 қарашада Қылмыстық кодекстің 256-бабы 2-тармағымен «терроризмді насихаттады» деген айыппен 7 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылған еді. Оның үстінен іс қозғауға интернетте жүктеген діни аудиосы себеп болған.
Ирина Маженова баласының айыбын мойындамайтынын, сотқа сенбейтіндіктен апелляция беруден бас тартатыны туралы жазған арызына қарамастан 2019 жылы 30 қаңтарда апелляциялық сот отырысы өтіп, алдыңғы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырған еді.
Дадаш Маженовтен бөлек Щучинск қаласының тағы бір тұрғыны Ғалымжан Әбілқайыровты Бурабай аудандық соты 2018 жылдың 19 қазанында 7 жыл 7 айға бас бостандығынан айырған.
ПІКІРЛЕР