Accessibility links

Тәжікстан АЕ/АР төрт қызметкерін "жартылай" аккредитациядан өткізді


Азаттықтың Тәжік қызметі - Озоди радиосының логотипі.
Азаттықтың Тәжік қызметі - Озоди радиосының логотипі.

21 қаңтарда Тәжікстанның сыртқы істер министрлігі Азаттықтың Тәжік қызметі - Озоди радиосының төрт қызметкеріне (арасында жүргізуші де бар) алты айға аккредитация берді. Билік өкілдерінің айтуынша, қалған жеті қызметкердің өтініші қаралып жатыр. Олардың екеуі бұрын бюроға жетекшілік еткен және аккредитациясы болмағандықтан қызметтерінен кеткен. Құқық қорғаушылардың айтуынша, бұл заңсыз, себебі Тәжікстан заңы бойынша акредитация кемінде бір жылға берілуі тиіс.

Тәжікстанда өткен жылы да осыған ұқсас жағдай болған. 31 қазанда министрлік жеті журналиске аккредитация берген: алтауына - жарты жылға, біреуіне - үш айға берген. Қалған 11 адамның өтініші қаралып жатыр деген.

Қаңтар айының басында АҚШ мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері бойынша көмекшісінің орынбасары Элис Уэллс Тәжікстан билігіне тәуелсіз БАҚ-тың маңызын еске салған. "Тәжікстанда парламент және президент сайлауы өтіп жатқан тұста ашық қызу талқылаудың болуы өте маңызды" деген.

"Азаттық радиосының журналистері уақытында аккредитация алуы тиіс деп ойлаймыз" деді ол АЕ/АР берген сұхбатында.

Тәжікстанның сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддинге жолдаған хатында АЕ/АР президенті Джейми Флай министрліктің Озоди радиосының кейбір қызметкерлеріне аккредитация беруден бас тартуы және қалған журналистердің өтінішін "жартылай қанағаттандыруы" ұйымның Тәжікстанда журналистік миссиясын атқаруына кедергі жасайды деп айтқан.

Бұған дейін АҚШ сенатының төрт мүшесі Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның атына хат жазып, Озоди радиосы тілшілерінің аккредитация ала алмауына алаңдаушылық білдірген. Олар бұл оқиға "тәжік-америка қатынасының тұрақтылығына әсер етуі мүмкін" деп топшылаған.

АҚШ конгресінің өкілдер палатасының мүшелері, штаб-пәтері Нью-Йоркте шоғырланған Журналистерді қорғау комитеті, ЕҚЫҰ-ның сөз бостандығы мәселелері бойынша өкілі Арлем Дезир, Тәжікстанның тәуелсіз БАҚ ұлттық қауымдастығы, Тәжікстанның БАҚ жөніндегі кеңесі Озиди радиосын қолдап, мәлімдеме жасаған.

Озоди радиосы - Тәжікстандағы санаулы тәуелсіз БАҚ-тың бірі. Озоди радиосының YouTube және Facebook желілеріндегі арналары Тәжікстандағы ең танымал арналар қатарына кіреді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG