Accessibility links

Вице-премьер Сапарбаев АӘК-тің жаңа жүйесі туралы айтты


Үкіметтің кеңейтілген отырысы. Нұр-Сұлтан, 24 қаңтар 2020 жыл.
Үкіметтің кеңейтілген отырысы. Нұр-Сұлтан, 24 қаңтар 2020 жыл.

24 қаңтарда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті.

Үкімет отырысы көп балалы аналардың наразылығы жиілеген тұста өтіп жатыр. Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев Қазақстанда әйелдер наразылығын тудырған көп балалы отбасыларға төленетін жәрдемақының жаңа жүйесі туралы айтты.

- 1 қаңтардан бастап 372 мың отбасына 17 миллиард теңге арнайы мемлекеттік жәрдемақы төленді. Екінші атаулы әлеуметтік көмек те ең кем дегенде біздің болжамымыз бойынша жүз мың отбасыға төленеді. Бұл жердегі ерекшелік - егер жұмысқа қабілетті азаматтар болатын болса, олар ұсынылған жұмысты істемейтін болса, онда атаулы әлеуметтік көмектен қағылады. Қосымша аз қамтылған отбасылардың балаларына кепілдендірілген әлеуметтік пакет осы айдан бастап беріле бастайды. Бұл көмекпен ең кем дегенде 200-ге жуық отбасы немесе 600 мың бала қамтылады, - деді ол.

Бұған дейін Нұр-Сұлтан мен Шымкентте көп балалы әйелдер жаңа жылдан бастап күшіне енген атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) төлеудің жаңа жүйесіне наразылық білдірген еді. Олар өткен жылдың сәуір айынан бастап әрбір балаға төленген 21 мың теңгелік жәрдемақыны қайтаруды талап еткен. Жаңа жүйе бойынша, әрбір балаға 10 500 теңгеден төленеді. Кейбір әйелдер тек көп балалы отбасы ғана емес, баласы аз отбасыларды ғана үкімет әлеуметтік тұрғыда қолдасын деген. Аналардың наразылығы үкімет отырысында айтылған жоқ.

Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, былтыр 8 мың мұқтаж отбасы баспанамен қамтылған. Биыл кем дегенде 11 мың осындай отбасыға пәтер беріледі деді. Ол жаңа жылдан бастап 770 мың мұғалімнің жалақысы, әлеумет, мәдениет, спорт, архив саласы қызметкерлерінің жалақысы 30 пайызға ұлғайғанын айтты. "[2020 жылдан бастап] Зейнетақы, жәрдемақы орта есеппен 7-20 пайызға көбейді" деді вице-премьер.

Оқиға орнында жүрген Азаттық тілшісінің хабарлауынша, бүгін таңертең отырыс басталмай тұрып үкімет үйі аумағын полиция, қара киімді арнайы жасақ өкілдері қоршаған. Қызметтік құжатты тексеріп кіргізген.

Кейбір әлеуметтік желі қолданушылары үкімет отырыстың тікелей эфирден берілмегенін сынады.

Бұл Тоқаевтың қатысуымен өткен үкіметтің кеңейтілген екінші жиыны. Алғашқысы 2019 жылы шілде айында өткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG