Accessibility links

Журналист Батырбековті сотқа берген бірлестік төрайымы татуласудан бас тартты


Журналист Амангелді Батырбеков сотта жауап беріп тұр. Сарыағаш, Түркістан облысы. 28 қаңтар 2020 жыл.
Журналист Амангелді Батырбеков сотта жауап беріп тұр. Сарыағаш, Түркістан облысы. 28 қаңтар 2020 жыл.

"Сарыағаш инфо" газетінің журналисі Амангелді Батырбеков пен оның әйелі Гүлзада Баймұратованы "жала жапты және қорлады" деп сотқа берген "Заңғар Медет" қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ләйла Дарханбаева олармен татуласудан бас тартты. Бұл туралы Дарханбаева 28 қаңтарда Түркістан облысы Сарыағаш аудандық сотында өткен отырыста айтты.

Судья Берік Каипов арызданушы Дарханбаевадан айыпталушылармен татуласуды сұрады. Бірақ Дарханбаева айыпталушылар – Батырбеков, Баймұратова және Сарыағаш тұрғыны Мұстафин Байдуллаевпен мәмілеге келмейтінін айтты.

Заңғар Медет" қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ләйла Дарханбаева сотта жауап беріп тұр. Сарыағаш, Түркістан облысы. 28 қаңтар 2020 жыл.
Заңғар Медет" қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ләйла Дарханбаева сотта жауап беріп тұр. Сарыағаш, Түркістан облысы. 28 қаңтар 2020 жыл.

Дарханбаева тек екі айыпталушы Пазылхан Түймебаев пен Гүлшан Артықбаевамен келісімге келгенін жеткізді. Тағы бір айыпталушы Құдірет Ережепбаев шағымданушы Дарханбаевадан кешірім сұрап, ол Ережепбаевты кешірді. Судья Түймебаев, Артықбаева және Ережепбаевтың ісі тоқтағанын мәлімдеді.

Судья сот отырысында әуелі жәбірленушіден жауап алды. Жәбірленуші соттан Батырбеков пен оның жақтастары "Facebook парақшасына "Ләйла Дарханбаева алаяқ па әлде өтірікші ме?" деген жазба жариялап, қасақана ар-намысыма тиді, қызмет беделіме нұқсан келтірді" деді. Ол соттан "елдің алдында алаяқ деп ғайбаттап, жалған мәлімет таратқандарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды" сұрады.

Амангелді Батырбеков пен басқа да айыпталушылар сотқа Facebook парақшасында жәбірленушіні нақты "алаяқ" деп жазбағанын, тек сұрақ белгісімен көрсеткенін, тағылған айыпты толығымен мойындамайтынын айтты.

Журналист Батырбеков Facebook желісіне "Ләйла Дарханбаева алаяқ па әлде өтірікші ме?" деген жазба жариялаған және ол посты журналистің әйелі Гүлзада Баймұратова, Мұстафин Байдуллаев, Пазылхан Түймебаев пен Гүлшан Артықбаева, Құдірет Ережепбаев бөліскен. Кейін заңдық кеңес беретін "Заңғар Медет" қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ләйла Дарханбаева журналистің және оның жазбасын бөліскендердің үстінен Қылмыстық кодекстің "Жала жабу" және "Қорлау" баптары бойынша шағым түсірген.

Бұл – "Жала жабу" және "Қорлау" баптары бойынша журналист Батырбековтің үстінен қозғалған екінші іс. Бұған дейін Түркістан облыстық соты Келес аудандық білім бөлімінің бастығы Бахтияр Абдиев "ар-намысыма тиіп, қорлады" деп Амангелді Батырбековті сотқа берген. Сарыағаш аудандық соты Батырбековті 2 жыл 3 айға түрмеге қамаған. Ал Түркістан облыстық соты аудандық соттың үкімін жойып, журналисті ақтаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG