Accessibility links

Сәпиев: Вирусқа байланысты Қытайда шегерілген теннис турнирі Қазақстанда өтпейді


Серік Сәпиев.
Серік Сәпиев.

Мәдениет және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру істері жөніндегі комитет төрағасы Серік Сәпиев "вирусқа байланысты Қытайда кейінге шегерілген теннис турнирі Қазақстанда өтеді" деген ақпаратты жоққа шығарды. Оның айтуынша, қазіргі кезде министрлік халықаралық шараларды кейінге қалдырып жатыр.

- The New York Times басылымында бұл турнирді Қазақстанда өткізу жоспарланған деп жазылған, ал біздікілер бекітіліп қойған шешім ретінде қабылдап, өтеді деген...4-8 ақпанда теннис бойынша халықаралық турнир Қазақстанда өтпейді. Біздің спортшылар басқа шетелге қатысады, бірақ Қытайға шықпайды, - деді комитет төрағасы Азаттық тілшісіне.

Бұл ақпаратты Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин де растады. Премьер-министрдің ресми сайтында 12-16 ақпанда су добынан Азия іріктеу чемпионаты да өтпейді деп жазылған.

26 қаңтарда The New York Times басылымы Қытайдың Дунгуань қаласында теннистен өтетін халықаралық турнирдің коронавирустың таралуына байланысты Қазақстанға ауыстырылғаны, мұнда 4-8 ақпанда өтетіні туралы хабарлаған. Осыдан кейін бұл тақырып әлеуметтік желіде қызу талқыланып, қолданушылар мәселеге алаңдаған.

Әйел теннисшілер арасында өтуі тиіс болған жарысқа (Fed Cup) Қытай, Тайвань, Үндістан, Индонезия, Оңтүстік Корея, Өзбекстан және өзге Азия елдерінен спортшылар қатысады деп хабарланған еді.

Қазақстан Қытайда тараған коронавирусқа байланысты бұған дейін осы елдің азаматтарына виза беруді шектеген.

Қытайда коронавирус жұқпалы ауруынан өлгендер саны соңғы деректер бойынша 132 адамға жетіп, 5974 адамның жұқтырғаны анықталды. Әлем елдерінің біразы халқын Қытайға барудан тартына тұруға шақырып жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG