Алматыға аса қауіпті коронавирусты анықтайтын диагностикалық тест жүйесі жеткізілді. Бұл туралы 3 ақпанда Алматы қаласы тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне сілтеме жасап, Қазақпарат агенттігі хабарлады.
"Ресейден коронавирусты анықтайтын тест құралдары жеткізілді. Енді еліміз, оның ішінде Алматы қаласы да қауіпті вирусқа тест жасай алады. Тексеру екі сағат аралығында жасалады. Кейін ол орталық референтті зертханаға жіберіледі және соңғы қорытынды сол жерде жасалады" деді Алматы қаласы тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова.
Оның сөзінше, осыған дейін 17 адамнан алынған қан сараптамаға жіберілген, олардың бәрі вирустан таза болып шыққан. Күдікке ілінгендердің барлығына ЖРВИ (ОРВИ) мен тұмау диагнозы қойылды.
Департамент Алматыдағы барлық емханада коронавирус күдігіне ілінгендерді оқшаулау орны ашылғанын, қалада коронавирустың таралуын алдын алу үшін аймақтық штаб құрылғанын хабарлады.
Қазақстанда вирус жұқтырғандар тіркелген жоқ.
3 ақпанда Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин Қазақстанда коронавирус жұқтыру күдігімен 46 адамның әлі ауруханада жатқанын, 43 адамның ауруханадан шығарылғанын айтқан.
4 ақпандағы дерек бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 20 438 адамға жетті. Қазірге дейін бұл вирустан 425 адам көз жұмған.
ПІКІРЛЕР