Орал қаласының азаматтық істер жөніндегі сотында жергілікті блогер Айболат Бөкеновтің ісі бойынша сот басталды. Жергілікті полиция департаменті блогерді "ар-намыс, қадiр-қасиет пен iскерлiк беделге нұқсан келтірді" деп айыптап, сотқа арыз түсірген.
Бұл іске Бөкеновтың республикалық арналардың бірінде 2018-2019 жылдар аралығында "полиция қызметкерлерінің 92 рет заң бұзғаны" жайлы хабарлағаны түрткі болған.
- БАҚ арқылы жарияланған ақпарат шындыққа жанаспайды. Азаматтардан түскен өтініштер арасында департамент жетекшісі Аблазимовтың атына Бөкеновтен 2018 жылы жазбаша, 2019 жылы ауызша өтініш түскен. Өтінішке байланысты шара қолдандық. Бөкеновты ескерттік. Тағы бір заңбұзушылық әлеуметтік желіде болған. Осылайша Бөкенов айтқан 92 заңбұзушылықтың тек үшеуі ғана анықталды, қалған 89 факт шындыққа сәйкес емес, - деді сотта сөйлеген полиция департаментінің өкілі Алмажан Сисенғалиева.
Полиция сотқа берген арызында Бөкеновтың ақпаратын "жалған" деп танып, блогерді ол ақпаратты БАҚ арқылы терістеуге міндеттеуді сұрап отыр.
Айболат Бөкенов полиция уәжімен келіспейді. Ол бұл іске өзінің азаматтық белсенділігі мен әлеуметтік желіде облыстық полиция бастығын қызметінен кетуге шақырған постылары себеп болған деп санайды.
- 2018 жылы Аблазимовпен арада болған әңгімеде мен жол полициясының заңбұзушылықтарын тіркеп отырамын деп келіскенбіз. Сол жылы мен 92 видео түсіріп, полицияға жіберіп отырдым. Одан кейін бір жыл өтті. Ал полиция "ештеңе жіберген жоқсыз" дейді. Мұны маған жасалып отырған қысым деп білем, - деді соттан кейін Азаттыққа пікір білдірген блогер.
Бөкенов соттан қазір адвокаты қалада болмағандықтан, процесті кейінге қалдыруды сұрады. Судья Салтанат Құрманбаева істі қарауды 12 ақпанға белгіледі.
ПІКІРЛЕР