4 ақпанда Қазақстанның әр қаласынан келген, төленбей қалған ипотекасы бар 23 борышкер қарыз жүктемесін азайтуды сұрады. Олар Қазақстан президентінің резиденциясы Ақордаға өтпек болды, алайда жолын полиция арнай жасақ қызметкерлері бөгеді.
Ақордаға баруға тырысқан шерушілердің бірі, белсенді Қанағат Тәкееваның сөзінше, борышкерлер қарыз жүктемесін «қарапайым азаматтар төлей алатын деңгейге түсіріп», президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездестіруді талап еткен.
Жиналғандарға президент әкімшілігінен ешкім шықпады. Жоғары лауазымды қызметкерлердің бірімен кездесуге тырысқан наразылар бірнеше сағаттан кейін тарады. Бірақ сәрсенбі, 5 ақпанда тағы жиналамыз десті.
Қазақстанда 2007-2008 жылдардағы экономикалық дағдарыс салдарынан көптеген азамат ипотекаларын төлей алмай қалған. «2014 және 2015 жылы ұлттық валюта – теңгенің бір мезетте құнсыздануы кредит төлеуді мүлде қиындатты» дейді борышкерлер құқығын қорғайтын қоғамдық ұйымдар.
Былтыр жыл соңында Ұлттық банк коммерциялық банктерге ипотекаларын өтей алмай жатқан борышкерлер ісін оңалтудың қосымша тетіктерін қолдануға рұқсат берген. Оны әзірлеушілердің пікірінше, ипотеканы қайта қаржыландыру бағдарламасында күшіне енген өзгерістер тұрмысы төмен 7400-ге жуық қарыз иесіне көмектесуі тиіс болған. Олардың жиынтық қарызы – 44,6 миллиард теңге.
Қазақстанда ипотекалық кредитті қайта қаржыландыру бағдарламасы 2015 жылдың сәуірінде іске қосылды. Бағдарламаның бірінші бөлігі 2004 жылдан бастап 2009 жылға дейін ипотека алған және баспанасы жоқ тұрғындарды қолдауы тиіс. Бағдарламаның екінші бөлігі 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін шетел валютасымен берілген ипотекалық кредиттерді қайта қаржыландыруға арналған.
ПІКІРЛЕР