Accessibility links

Ақордаға бармақ болған борышкерлерді тағы да арнайы жасақ бөгеді


Бір топ борышкер Ақордаға барғысы келгенмен арнайы жасақ өкілдері жолын бөгеді. Нұр-Сұлтан, 5 ақпан 2020 жыл.
Бір топ борышкер Ақордаға барғысы келгенмен арнайы жасақ өкілдері жолын бөгеді. Нұр-Сұлтан, 5 ақпан 2020 жыл.

5 ақпанда Нұр-Сұлтанда Қазақстанның әр қаласынан келген, төленбей қалған ипотекасы бар отызға жуық борышкер Ақордаға бармақ болды. Бірақ президент әкімшілігі ғимаратына жақындаған кезде арнайы жасақ өкілдері оларды бөгеп, әрі қарай өткізген жоқ.

Белсенді Қанағат Тәкееваның сөзінше, борышкерлер қарыз жүктемесін «қарапайым азаматтар төлей алатын деңгейге түсіріп», президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездестіруді сұрайды.

- Қазір қайта қаржыландыру туралы бағдарлама бекітілді және жағдайды сараптаған кейбір банктер бұл бағдарламаға қатысудан бас тартқан. Олардың арасында біз ипотека алған банк те бар. Сондықтан біз үкіметтен бағдарламаға өзгеріс енгізіп, өзге банктерден көмек алуға болатындай мүмкіндік беруді сұраймыз, - деді белсенді Қанағат Тәкеева.

Борышкерлер сонымен бірге тұрмысы нашар отбасылардың ипотекалық несиесін кешіріп, төлем көлемін қайта қарастыруды сұрап отыр.

- Біз сонымен бірге сот жүйесін реформалауды да талап етіп отырмыз. Себебі бұл - отбасыларды жалғыз баспанасынан айыру-айырмау мәселесін шешетін жалғыз орган. Сот орындаушылары ештеңеге қарамайды, тіпті аналарды омыраудағы нәрестесімен бірге көшеге қуып шығады. Сот шешімдерінің барлығында борышкердің банктен қанша қарыз алғаны туралы айтылады, бірақ бірде-біреуінде қанша ақшаны қайтарғаны туралы дерек жоқ, - деді Қанағат Тәкеева.

Борышкерлер талаптары жазылған хатты "Ақордаға жеткізбей үйге тарамаймыз" дейді.

Сейсенбі, 4 ақпанда да борышкерлер Ақордаға бармақ болған кезде олардың жолын арнайы жасақ қызметкерлері бөгеген еді. Олар сәрсенбі күні таңертең "Жанұя" орталығында сот орындаушылары мен прокуратура қызметкерлерімен кездесуі тиіс болған. Тәкееваның айтуынша, бүгін сот пен прокуратурадан кездесуге ешкім келмеген.

Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтанда борышкерлер ипотека жүктемесін азайтуды талап етті

Қазақстанда 2007-2008 жылдардағы экономикалық дағдарыс салдарынан көптеген азамат ипотекаларын төлей алмай қалған. «2014 және 2015 жылы ұлттық валюта – теңгенің бір мезетте құнсыздануы кредит төлеуді мүлде қиындатты» дейді борышкерлер құқығын қорғайтын қоғамдық ұйымдар.

Былтыр жыл соңында Ұлттық банк коммерциялық банктерге ипотекаларын өтей алмай жатқан борышкерлер ісін оңалтудың қосымша тетіктерін қолдануға рұқсат берген. Оны әзірлеушілердің пікірінше, ипотеканы қайта қаржыландыру бағдарламасында күшіне енген өзгерістер тұрмысы төмен 7400-ге жуық қарыз иесіне көмектесуі тиіс болған. Олардың жиынтық қарызы – 44,6 миллиард теңге.

Қазақстанда ипотекалық кредитті қайта қаржыландыру бағдарламасы 2015 жылдың сәуірінде іске қосылды. Бағдарламаның бірінші бөлігі 2004 жылдан бастап 2009 жылға дейін ипотека алған және баспанасы жоқ тұрғындарды қолдауы тиіс. Бағдарламаның екінші бөлігі 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін шетел валютасымен берілген ипотекалық кредиттерді қайта қаржыландыруға арналған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG