7 ақпанда Нұр-Сұлтанда жиырмаға жуық борышкер биліктен мәселелерін шешіп беруді талап етіп, тағы да Ақордаға бармақ болды. Бірақ оларды бұл жолы да арнайы жасақ өкілдері бөгеді.
- Біз бүгін ғана барлық банктердің қайта қаржыландыру бағдарламасына қатысудан бас тартып жатқанын білдік. Біз шок болдық. Себебі бұған дейін 17 банк бағдарламаға қосылды делінген еді. Банктер Ұлттық банк ұсынып отырған түсініксіз шарттарды қабылдай алмаймыз дейді. Ұлттық банк те бірде-бір банктің қол қоймағанын растады. Енді биліктің сөзіне сенбейміз. Қошанов пен Тоқаевтың өзімен кездестіруді талап етеміз, - деді белсенді Қанағат Тәкеева.
Оның айтуынша, 6 ақпанда борышкерлер ұлттық экономика вице-министрі, әділет вице-министрі, сот актілерін орындау департаменті, жоғарғы сот өкілдерімен кездескен. Бірақ борышкерлер олардың "мәселелеріңізді шешеміз" уәделерінен шаршағанын, нақты әрекет жасалмай отырғанын айтты.
- Келеміз - алдап-сулап шығарып салады. Ертең банктің акционерлері келеді дейді. Барсаң - акционерлер тұрмақ, тас та жоқ. Олар тіпті бағдарлама барын да білмейді. Олар халықты осында қинап қойып, қалай тамақ ішеді? Неше күн болды зарлап жүргенімізге? Жауап таба алмай жатырмыз, - деді борышкерлердің бірі Әлия Байболатова.
Ол "билік халықтың жағдайын ескеріп, борыштан құтылуына көмектессін" дейді. Оның айтуынша, банктер борышкерлер өтеген қаржыны ескермей, тұрғындардың мойнына төленуі мүмкін емес қаржыны іліп қойған.
- 2007 жылдың аяғында несиеге Ақсайдан екі бөлмелі пәтер алғанмын. Мен алған кезде доллар 120 теңге болатын. 16 млн теңгеге (сол кездегі доллар бағамы бойынша 134 мың доллар - Ә.Б.) алдым. Алғашқы жарна 26 800 доллар болған. Басында 1600 доллардан құйып жүрдім. Кейіннен жүрегім ауырып, банк кеңсесіне барып, 500 доллардан құйып жүргем. Кейін сүйтуге де рұқсат бермей қойды. Мен бұған дейін 16 млн теңгенің жартысынан астамын (74 мың доллар) өтеп қойғанмын. Банк төрт процентпен “қайта қаржыландырып”, мойныма 20 миллион теңгені қайта іліп қойды. Осы әділет пе? Өзім жұмыссызбын. Жүрегіме операция жасаған. Денсаулығым туралы справканы министрлікке келіп өткізгем. Маған жауап берген жоқ. Бұл жаққа келгенімізге төрт күн болды. Қаңғып жүрміз. Сонда олар не үшін айлық алып жатыр? - деп ашынады Әлия Байболатова.
Қазақстанның әр қаласынан келген, төленбей қалған ипотекасы бар борышкерлер 4-5 ақпанда да Ақорда маңына жиналып, жоғары билік өкілдерімен кездесуді талап еткен. Бірақ арнайы жасақ өкілдері ол кезде де өткізбеген еді.
Оқи отырыңыз: Ақордаға бармақ болған борышкерлерді тағы да арнайы жасақ бөгеді
Қазақстанда 2007-2008 жылдардағы экономикалық дағдарыс салдарынан көптеген азамат ипотекаларын төлей алмай қалған. «2014 және 2015 жылы ұлттық валюта – теңгенің бір мезетте құнсыздануы кредит төлеуді мүлде қиындатты» дейді борышкерлер құқығын қорғайтын қоғамдық ұйымдар.
Былтыр жыл соңында Ұлттық банк коммерциялық банктерге ипотекаларын өтей алмай жатқан борышкерлер ісін оңалтудың қосымша тетіктерін қолдануға рұқсат берген. Оны әзірлеушілердің пікірінше, ипотеканы қайта қаржыландыру бағдарламасында күшіне енген өзгерістер тұрмысы төмен 7400-ге жуық қарыз иесіне көмектесуі тиіс болған. Олардың жиынтық қарызы – 44,6 миллиард теңге.
Қазақстанда ипотекалық кредитті қайта қаржыландыру бағдарламасы 2015 жылдың сәуірінде іске қосылды. Бағдарламаның бірінші бөлігі 2004 жылдан бастап 2009 жылға дейін ипотека алған және баспанасы жоқ тұрғындарды қолдауы тиіс. Бағдарламаның екінші бөлігі 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін шетел валютасымен берілген ипотекалық кредиттерді қайта қаржыландыруға арналған.
ПІКІРЛЕР