17 ақпанда Оралда сот белсенді Мақсат Айсауытовты бес тәулікке қамады. Оны полиция Алматыда жоспарланған «Қазақстанның демократиялық партиясының» құрылтай съезіне бармақ болғанда ұстаған. Полицейлер Айсауытовты дүйсенбі таңертең үйінен әкетіп, сотқа жеткізген. Оны Әкімшілік кодекстің 669-бабы 1-тармағы (Сот шешімін, сот актілерін орындамау) бойынша жауапқа тартты. Іс материалдарына сай, Айсауытов 30 мың теңге (80 доллар) тең екі айыппұлды төлемеген.
- Айыппұл аса көп емес, сондықтан Айсауытов оны жақын күндері төлемек болған. Ол полицейлерден және соттан уақыт сұрады. Бірақ сот басқа шешім қабылдады, - деді белсендінің адвокаты Мереке Ғабдулаев.
Айсауытов қамалғанын белсенділігімен және Алматыға бармақ болған жоспарымен байланыстырады.
– Бұл істе саяси астар бар. Мені «Демпартияның» жиынына жібермес үшін әдейі істеді, - деді соттан соң Айсауытов.
17 ақпан түстен кейін облыстық сот Айсауытовтың апелляциялық шағымын қарады. Облыстық сот судьясы Әлібек Ахметов алғашқы инстанция шешімін өзгеріссіз қалдырды.
«Демпартияны» белсенді, журналист Жанболат Мамай, құқық қорғаушы Сергей Дуванов, Қауіпсіздік кеңесінің бұрынғы хатшысы Төлеген Жүкеев пен оның жақтастары құрғысы келеді. Елде саяси реформа жасауды жоспарлайтын бастамашыл топ соңғы күндері жақтастарына қысым көбейгенін айтады. Жаңаөзендік белсенді, «Демпартия» жақтасы Мұратбай Жұмабаев 17 ақпанда түнде белгісіз біреулер көлігін өртеп кеткенін айтты. Ол бұл жағдайды Алматыдағы съезге бармақ болған сапарына жасалған кедергі деп санайды.
«Демпартия» бастамашыл тобының жетекшісі Жанболат Мамай «съезге келмек болған белсенді Гүлмира Рақымжанды полиция пойыздан түсіріп алғанын» айтқан. Оралдық белсенді, бастамашыл топ өкілі Жанат Есентаев 14 ақпанда Facebook желісіндегі парақшасын біреулер бұзып, «арандату сипаттағы» пост жазғанын мәлімдеген.
Қазақстанның қазіргі заңына сай, партияны ресми тіркеу үшін кем дегенде 40 мың адамның қолы керек. Бұдан бөлек, мың адам қатысқан құрылтай өткізу қажет.
ПІКІРЛЕР