ВВС сайтының жазуынша, құжатта 65 жастағы Юсуп есімді Шыңжаң тұрғынының екі қызы 2014 және 2015 жылдары хиджап және бурка кигені, ұлы ислам мен саясатты араластырғаны жазылған. Юсупқа берілген мінездемеде "оның отбасы хандықтарға, яғни этникалық қытайларға қарсы" деп көрсетілген. Юсупқа шыққан үкім – "лагерьде оқуын жалғастыруы тиіс".
Құжатта әр тұрғын жайлы кесте берілген, онда адамның "лагерьде қалу я қалмауы" жайлы шешім жазылған. "Тұрғын алдағы уақытта лагерьге қайта қамалуы тиіс пе?" деген сұраққа да жауап көрсетілген.
Базадағы 311 адамның барлығы – Шыңжаң өлкесінің Хотан қаласына жақын орналасқан Қарақаш аймағының тұрғыны. Бұл аймақта көбіне ұйғырлар өмір сүреді.
ВВС сайтының дерегінше, тізімдегілердің бірі "ұзын сақал өсіріп, діни кітаптар оқитындардың тобын құрғаны үшін" бес жылға қамалған. Оның көршісі "басқа адамдармен интернет арқылы сөйлескені үшін" 15 жылға сотталған.
Құжатта 38 жастағы Хелчем есімді әйел "бірнеше жыл бұрын бурка кигені үшін лагерьге жіберілгені" көрсетілген. Ал 28 жастағы Нұрмемет есімді ер адам "веб-сілтеме арқылы абайсызда шетелдік сайтқа кіргені үшін" лагерьге қамалған.
"Бұл ерекше құжат Пекиннің әлемдегі дәстүрлі діндерді ұстанатындарды белсенді түрде қудалап, жазалайтынын анық көрсетеді" деді Вашингтондағы "Коммунизм құрбандарын еске алу қорының" ғылыми қызметкері Адриан Зенц.
Ғылым докторы Зенц бұл құжатты "Қарақаш тізімі" деп атайды. Оның сөзінше, "Пекин кез келген дінді "сенімсіздіктің белгісі" деп қарайды.
Батыс басылымдарының қолына түскен бұл құжат Пекиннің бір адамның әрекеті үшін бүкіл отбасын лагерьге қамау әдісін қолданғанын көрсетеді.
БҰҰ есебінше, 2017 жылдан бастап Шыңжаңда тұратын бір миллионға жуық ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылман лагерьге қамалған. Пекин бұл орындарды "терроризммен күрес орталығы" деп атайды.
Қытай Шыңжаңдағы лагерьлерді "кәсіп үйрететін, жұртты терроризмнен құтқаратын орталық, мұнда оқып шыққандар кәсіп меңгеріп, жұмыс табады" деп мәлімдеген. Бірақ зерттеушілер мен журналистер бұған дейін жариялаған құпия құжаттарда "Қытай басшысы Си Цзиньпиннің өзі Шыңжаңдағы мұсылмандарды бақылауға алуға бұйрық бергені" жайлы деректер айтылған. Мәселен, былтыр қарашада америкалық New York Times басылымы жариялаған "Қытай билігіне тиесілі құжатта" мұсылмандар тұратын аудандарды ұдайы тексеру қажеттігі айтылады. Құжаттар арасында отбасы мен туыстары лагерьлерге қамалған, өздері шетелде және ішкі Қытайда оқитын студенттерге шенеуніктердің не деп жауап беру керегі де көрсетілген. Нұсқаулық бойынша, "Отбасым қайда?" деген студентке шенеунік "Олар үкімет құрған оқу орталығында. Ондағы сабақ қатаң бақылауда өтеді. Отырғандар әбден түзеліп шықпайынша, сыртқа шыға алмайды. Егер жақындарыңыз қаласа видео байланыс орната аламыз" деп жауап беруі тиіс.
Пекин осыған дейін жарияланған құжаттардың барлығын "фейк" деп атаған.
Лагерьлерде отырып шыққан қазақтар да Қазақстанға оралған соң Шыңжаңдағы қудалау жайлы деректермен бөліскен. Олардың айтқандары әлемдік БАҚ беттерінде де жарияланды. Халықаралық қауымдастық Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын жиі сынайды. Ал Қытайға экономикалық жағынан тәуелді Қазақстан билігі Пекиннң бұл саясаты жайлы ашық айта бермейді.
Былтыр қазанда Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді "қазір Қытайдағы саяси тәрбиелеу орталықтарында қазақтар жоқ" деп мәлімдеген. Былтыр желтоқсан айында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның Deutsche Welle басылымына берген сұхбатында "Шыңжаңдағы қазақтарды қудалау туралы ақпарат шындыққа жанаспайды" деген. Тоқаевтың осы сөзінен кейін "туысымыз Қытайда қамалды" деген қазақстандықтар президенттің сөзін жоққа шығарып, түрлі акция өткізген.
ПІКІРЛЕР