Accessibility links

"Биліктің бассыздығына назаланған" белсенді өзін өртейтінін айтып қорқытты


Белсенді Еркін Қазиев (оң жақта) жақтастарымен бірге. Алматы облысы, Қаскелең қаласы. 19 ақпан 2020 жыл.
Белсенді Еркін Қазиев (оң жақта) жақтастарымен бірге. Алматы облысы, Қаскелең қаласы. 19 ақпан 2020 жыл.

Алматы облысы Қаскелең қаласында тұратын азаматтық белсенді Еркін Қазиев 19 ақпанда биліктің бассыздығынан мезі болғанын айтып, қарсылық ретінде өзін өртейтінін айтты. Белсенді сәрсенбі күні үйінің ауласында өзін газ баллонына шынжырмен байлап, үстіне бензин сеуіп, қолында оттық ұстап тұрды.

19 ақпанда полиция қызметкерлерімен бірге үйіне барған сот приставы оған сотқа шақырту қағазын тапсыруға тырысты. Бірақ Еркін Қазиев шақыртуды алмады. Оның айтуынша, әкімшілік хаттамасы заңсыз толтырылған.

19 ақпанда сәл ертерек белсенді Азаттық тілшісіне өзін полицияның 22 ақпан күнгі митингіге шақырмақ болды деп айыптап, Қылмыстық кодекстің 488-бабы бойынша әкімшілік жазаға тартпақ болып отырғанын айтқан еді. Ол өзінің ешкімді митингіге шақырмағанын айтады.

Сәрсенбі күні Қазиев өзін өртейтінін айтып, "қоқан-лоқы жасағаннан кейін" полиция қызметкерлері мен сот приставы кетіп қалды. Сол жерде жүрген белсенділер мен Еркін Қазиевтің айтуынша, полицейлер күні бойы үш рет келіп кеткен. Кеше, 18 ақпанда да солай болған.

Қыркүйек айында Қазиевтің пробациялық бақылауда болу мерзімі аяқталады. 2019 жылы қазан айында Қарасай аудандық соты тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын қолдады деп айыпталған 53 жастағы Еркін Қазиевтің бостандығын бір жылға шектеген. Сот сонымен бірге белсендіні 100 сағат қоғамдық жұмыс істеуді міндеттеді.

Оның сәрсенбі күнгі "наразылық акциясы" әлеуметтік желіде тікелей эфирде көрсетілді. Белсенді онда сот тағайындаған жүз сағаттық қоғамдық жұмысты бітіргенін, алайда қаржы және банк операциясын жасай алмағандықтан айыппұлды төлей алмағанын айтты. Мұндай шектеу Қылмыстық кодекстің 405-бап - "экстремистік ұйымның ісіне араласу" бабы бойынша сотталғандарға қолданылады.

Сот үкіміне сәйкес, осы уақыт аралығында Қазиев полиция бақылауында болады. Қазиев өзіне тағылған айыпты жоққа шығарды.

Бұған дейін Алматы қаласында 10-15 күнге бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу бабымен ондаған адам қамалған.

Қазақстан билігін сынаушы, шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов басқаратын "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы (ҚДТ) жұртты ақпанның 22-і күні билікке қарсы митингіге шақырған. 2018 жылы Қазақстан соты ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп таныған. Осыдан кейін қозғалысты қолдайтын ондаған адам "тыйым салынған ұйым қызметіне араласты" деп айыпталған. Әблязов Қазақстан сотының шешімімен келіспейді. Еуропарламент 2019 жылғы резолюциясында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

Қазақстанның қазіргі заңына сай, жұрт қандай да бір митинг, наразылық шарасына шығу үшін жергілікті биліктен алдын ала рұқсат алуы тиіс. Әкімдіктер көбіне түрлі себеп айтып, митинг өткізуге рұқсат бермейді. Құқық қорғаушылар Қазақстанның бейбіт жиын өткізу тәртібі туралы заң халықаралық стандартқа сәйкес емес деп сынайды.

Видео: Сот Еркін Қазиев пен Серік Жахиннің бостандығын бір жылға шектеді (15 қазан 2019 жыл).

Сот Еркін Қазиев пен Серік Жахиннің бостандығын бір жылға шектеді
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:03 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG