Accessibility links

Нұр-Сұлтанда мүгедек баласы бар әйелдер биліктен үй мәселесін шешуді талап етті


Мүгедек баласы бар әйелдер "Жанұя" орталығында отыр. Нұр-Сұлтан, 21 ақпан 2020 жыл.
Мүгедек баласы бар әйелдер "Жанұя" орталығында отыр. Нұр-Сұлтан, 21 ақпан 2020 жыл.

21 ақпанда Нұр-Сұлтанда мүгедек баласы бар жүзге жуық әйел мемлекет құрған «Жанұя» отбасы орталығына келіп, биліктен арендалық үйді сатып алу құқығын беруді, зейнет жасын елуге түсіруді және жәрдемақыны көбейтуді талап етті.

Жиналғандар Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, президенттіктен кетсе де, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, «Нұр Отан» партиясының лидері ретінде биліктің бір тарамағын ұстап отырған Нұрсұлтан Назарбаевтың және сенат спикері Дариға Назарбаеваның, мәжіліс депутаттарының келуін талап етті.

Мүгедек баласы бар әйелдер «бәрі ертең көзіміз жұмылса балаларымыз далада қала ма деп қорқамыз, сондықтан үйді сатып алу құқығын сұраймыз» деді. Олар мүгедек бала бағып отырған соң жұмыс та істей алмайтынын, өздерін зейнетке 50 жастан шығаруды және жәрдемақыны көбейтуді талап етті. Мүгедек баласы бар әйелдердің белсендісі Ботагөз Сұлтанованың сөзінше, мемлекеттің мүгедек балаларға үйді жалға беруі отбасылардың көңілінен шықпайды.

Қазақстан заңнамасына сай, билік мүгедек баласы бар отбасыларға арзан бағаға арендалық баспана береді, ол үйді жанұя атына аудара алмайды.

«Жанұяға» келген Роза Сәменова «Бір жылдан астам уақыт өз ұсыныстарымызды айттық, әкімдікке, министрліктерге жаздық. Министрлік құрған жұмыс топтарында жұмыс істедік. Бізге ипотека немесе сатып алуға берілмейтін үй ұсынады. Онымен келіспейміз. Себебі балаларымыз өскен соң жұмыс істей алмайды. Мүгедек баласы бар әйелдерге мәртебе беріп, елу жастан зейнетке шығарсын. Олар психологиялық тұрғыдан шаршады. Балаларға қарағаны үшін төленетін жәрдемақыны көбейтсін» деді.

Жиналғандар қолдарына орыс тілінде «Аналар мен қамқоршыларға зейнетақы берілсін», «Мүгедек балаларға үй берілсін!», «Зейнет жасы 50», «Мүгедек балаларға баспана», «Мүгедек балаларға сатып алу құқығымен баспана» деген плакаттар ұстап тұрды.

Наразы әйелдерге Тоқаев та, Назарбаев та, Назарбаева да келген жоқ. Оларға индустрия мен инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Қайырбек Өскенбаев келіп, заңға өзгеріс енетінін айтты.

- Cіздердің өтініштеріңіз бойынша біз ұсыныс жасадық. Оны үкіметке бердік. Енді мәжіліске барамыз. Осы сессияның соңына дейін шешуге тырысамыз, - деді ол.

Былтыр ақпанда Нұр-Сұлтандағы уақытша баспананың бірінде өрт шығып, бір отбасының бес баласы қаза тапқан. Осы оқиғадан соң Қазақстанда көп балалы әйелдер, мүгедек баласы бар әйелдер, жалғызбасты аналардың наразылығы күшейген. Олар мемлекеттің тиісті деңгейде көмектеспейтінін, жәрдемақының мардымсыздығын айтып, баспана мәселесін шешіп беруді талап еткен.

Мүгедек баласы бар әйелдер былтырдан бері бірнеше мәрте Ақорда алдына жиналып наразылық білдірген еді. Олар өздеріне көп балалы әйелдермен мәртебелерін теңестіруді, жеке үй кезегіне қоюды талап еткен.

Мүгедек бала асырап отырғандармен кездескен индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілдері үкімет жасап жатқан арнайы бағдарламада көп балалы аналарға басымдылық берілгенін растаған, бірақ бұл мүгедек баласы бар отбасыларға еш әсер етпейтінін айтқан.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегінше, елде кейінгі алты жылда үй кезегі 300 мың адамға өскен. Ал арендалық баспана жылына он мың адамға есептеліп салынады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG