Accessibility links

"Демпартия" бастамашыл тобының жетекшісі Мамай үш тәулікке қамалды


"Демократиялық партия" бастамашыл тобының жетекшісі, саясаткер Жанболат Мамай.
"Демократиялық партия" бастамашыл тобының жетекшісі, саясаткер Жанболат Мамай.

Бүгін, 22 ақпанға қараған түні "Демократиялық партия" бастамашыл тобының жетекшісі Жанболат Мамайдың "рұқсат етілмеген митингіге шақырды" деген айыппен үш тәулікке қамалғаны хабарланды. Бұл туралы Азаттыққа Мамайдың әйелі, журналист Инга Иманбай айтты.

- Таңғы сағат 5.00-ге дейін Жанболаттың қайда екенін, не болып жатқанын біле алмадық. Тек таңғы бесте ғана Қарасай аудандық полиция басқармасында Жанболаттың Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 488-бабының 3-тармағы бойынша, яғни митингіге шақырды деген айыппен, үш тәулікке қамалғаны туралы сот қаулысын берді. Сот адвокаттың қатысуынсыз өткен. Адвокат сол маңда сағат 11.00-де болды. Ал сот 11.45-те өткен. Адвокат келіп тұрып, кіре алмай қалды. Жанболаттың қорғалу құқығы бұзылды, - деді Иманбай.

Оның сөзінше, саясаткердің адвокаты Жанар Балғабаева Мамайдың қорғалу құқығының бұзылғаны және өзінің кәсіби адвокаттық қызметіне кедергі келтірілгені туралы шағым түсірмек.

21 ақпан кешкісін азаматтық белсенді, саясаткер Жанболат Мамайдың ұсталғаны хабарланды. 22 ақпанға қараған түні Алматы облысы Қаскелең қаласы Қарасай ауданы полиция басқармасына барған бір топ адам "Демократиялық партия" құру жөніндегі бастамашыл топтың жетекшісі Жанболат Мамайды қамаудан босатуды талап етті. Полиция ғимараты алдына жиналған жиырмадан астам адам "Бостандық" деп айғайлап, Мамайды шығармаса аштық жариялайтындарын мәлімдеді.

Бұған дейін, 21 ақпан күні түс кезінде бастамашыл топтың өкілі Жанбол Рахматулланы Қарасай аудандық полиция басқармасына әкеткен.

31 жастағы Жанболат Мамай "Трибуна. Саяси қалам" газетінің бас редакторы болған. Кейін бұл газет жабылған. 2017 жылы Мамайдың үстінен "қылмыстық жолмен табылған қаржыны заңдастырған" деген күдікпен іс қозғалған. Сот оны осы іс бойынша айыпты деп танып, Мамайға үш жыл мерзімге шартты жаза кескен және үш жыл журналистік қызметпен айналысуына тыйым салған. Ол қазір пробациялық бақылауда жүр.

Жанболат Мамай өзіне "саяси астары бар" айып тағылғанын айтып, оны мойындамаған.

Былтыр қазанда Жанболат Мамай бастаған белсенділер елде саяси реформа жүргізуді мақсат тұтатын "Демократиялық партия" құратындарын жариялаған. 2019 жылы 26 желтоқсанда Әділет министрлігі бастамашыл топты тіркеген. Кейін Мамай 22 ақпанда Алматыда "Демпартияның" құрылтайын өткізетінін хабарлаған.​

19 ақпанда бастамашыл топ Алматыдағы баспасөз мәслихатын өткізіп, "Демпартия" жақтастарына қысым жасалып жатқанын айтып, билікті айыптады. Мамай Алматыда 22 ақпанға жоспарланған құрылтайға келмек болған ондаған адам кедергі салдарынан жолға шыға алмай қалғанын, кейбірін билік әкімшілік жауапқа тартып, қамауға алғанын айтқан. Ол "қысымнан кейін" 22 ақпанға жоспарланған құрылтай өтпейтінін, оның орнына "митингіге шығатындарын" мәлімдеді.

Жанболат Мамай (ортада) биліктің қысымы "Демократиялық партия" құрғысы келетін белсенділерді наразылық шеруіне шығуға мәжбүрлейтінін мәлімдеп отыр. Алматы, 19 ақпан 2020 жыл.
Жанболат Мамай (ортада) биліктің қысымы "Демократиялық партия" құрғысы келетін белсенділерді наразылық шеруіне шығуға мәжбүрлейтінін мәлімдеп отыр. Алматы, 19 ақпан 2020 жыл.

Қазақстан заңы бойынша, саяси партия ресми тіркелу үшін алдымен мың адам қатысқан құрылтай съезін өткізуі шарт. Одан кейін қырық мың адамның қолын жинауы керек.

22 ақпанда Қазақстанда үкіметке қарсы екі митинг жоспарланған. Біріне бұрынғы банкир, шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов пен ол жетекшілік ететін "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы шақырған. Қазақстан соты ҚДТ-ны "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Еуропарламент 2019 жылы наурыздағы резолюциясында ҚДТ қозғалысын "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған.

Жоспарланған наразылық шеруі алдында Қазақстанның бірнеше қаласында ондаған белсенді ұсталып, кейбірі әкімшілік жауапқа тартылған. Олардың көбін қаңтардың соңы және ақпанның басындағы митингілер үшін жауапқа тартты. Белсенділердің басым бөлігіне "бейбіт митинг өткізу заңын бұзды" деген айып тағылған.

Сенбіде жоспарланған наразылық шарасы алдында Қазақстан бас прокуратурасы мәлімдеме жасап, "рұқсат етілмеген митингіге шыққандар жазаланатынын" ескертті.

Қазақстанда жұрт митингіге шығу үшін жергілікті биліктен рұқсат алуы тиіс. Жергілікті әкімдіктер әдетте түрлі сылтау айтып, митингіге рұқсат бермейді. Билік рұқсат етілмеген митингілерге қатысушыларды әкімшілік жауапқа тартады.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен Батыс елдері ресми Нұр-Сұлтанды азаматтардың пікір білдіру еркіндігін, бейбіт жиындар мен бірлесу бостандығын пайдалану құқығын қамтамасыз етіп, митинг туралы заңды халықаралық стандартқа сәйкестендіруге шақырып келеді. Қазақстандық құқық қорғаушылар үкіметі әзірлеген бейбіт митинг туралы жаңа заң жобасында азаматтардың конституциялық бостандықтарын пайдалану құқығын шектейтін бұрыннан келе жатқан ережелер барын айтады.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG