22 ақпанда "митинг өтеді" делінген Қазақстанның бірқатар қалаларында қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, интернет жұмысы нашарлады. Нұр-Сұлтанда "Жастар" сарайы аумағына полиция автобустары қойылып, айналасындағы көшеде штаттық киім киген қызметкерлер жүрді. Сенбі күні осы аудандағы сауда орындары және қаржы ұйымдары жабылды.
Алматыда "Астана" алаңында таңертеңнен бері полиция мен арнайы жасақ өкілдері жүр.
Түс кезінде мұнда полиция "Демократиялық партия" құру бастамашыл тобының ондаған мүшесін ұстаған. Олар 22 ақпанға қараған түні "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу" бабы бойынша үш күнге қамалған топ жетекшісі, саясаткер Жанболат Мамайды босатуды талап етіп, Әлия мен Мәншүк ескерткіші жанында пікірлерін айтқан.
Сенбі мұнда сағат 14.00-де бұрынғы банкир, шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов пен ол жетекшілік ететін "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы шақырған екінші митинг өтеді деп жоспарланған.
Осы аумақтан хабар таратқан Азаттық тілшілері қаланың орталық бөлігінде интернет істемей тұрғанын айтты. Бірақ телефон байланысы әзірге бар.
Жергілікті байланыс операторы неміс журналисі Эдда Шлагерге берген жауабында "қазіргі кезде құзыретті органдар қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін байланысты өшірді" деп жазды. Кейіннен бұл жауап өшірілді.
Түстен кейін Нұр-Сұлтандағы "Жастар" алаңында да мобильді интернет істемей тұрғаны белгілі болды.
22 ақпанға митингіге шақырған ҚДТ қозғалысының қызметіне Қазақстанда сотпен тыйым салынған. Әблязов сот шешімінде "саяси астар бар" беп санайды. Еуропарламент 2019 жылғы резолюциясында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған.
ПІКІРЛЕР