Accessibility links

Алматыда ұсталғандар саны жүзге жуықтады


Полиция "ҚДТ митингісіне келген" адамдарды ұстап жатыр. Алматы, 22 ақпан 2020 жыл.
Полиция "ҚДТ митингісіне келген" адамдарды ұстап жатыр. Алматы, 22 ақпан 2020 жыл.

Түскі сағат 15.00 шамасында Алматыда "ҚДТ митингісіне байланысты" ұсталғандар саны жүзге жуықтады деп хабарлады оқиға орнында жүрген Азаттық тілшісі.

Мұнда полиция "Астана" алаңын жауып, "митинг орнына" жібермегеннен кейін жиналғандар бірте-бірте Панфилов көшесі бойымен төмен қарай ығысқан. Полиция мұнда да "белсенділігімен көзге түскен" азаматтарды ұстады. Олардың кейбірі "Шал кет!", "Оян, Қазақстан" деп айқайлады. Азаттық тілшісі осы жерде түстен кейін жүзге жуық адамның ұсталғанын көрді.

Алматыдағы митингіге Оралдан арнайы келгенін айтқан арбамен жүретін Ерік Жұмабаев есімді азамат полицияны "халық жағына шығуға" шақырып, оларды ұстауға қарсылық білдірді. Жарты сағаттан кейін полицияның нұсқауымен оны жедел жәрдем көлігімен алып кетті.

Құқық қорғау орган қызметкерлері жасы үлкен-кіші, ер-әйел демей "белгісіз адамдар" нұсқаған адамдарды қолтықтап, автозакқа отырғызды. Кейбірі қарсылық көрсетуге тырысқанмен арнайы жасақ өкілдері оларды күшпен апарып, автозакқа итеріп кіргізіп отырды. Толған автозактар жүріп жатты.

Полиция "ҚДТ митингісіне келген" адамдарды ұстап жатыр. 22 ақпан 2020 жыл.
Полиция "ҚДТ митингісіне келген" адамдарды ұстап жатыр. 22 ақпан 2020 жыл.

Сәлден соң полиция бұл аумақты толық бақылауға алды. Ары-бері өткен адамдарға "заңсыз шеру орны" деп басқа жолмен жүру қажеттігін айтты.

Түскі 16.00 шамасында полиция аумақты әлі күзетіп тұрды.

Әзірге ішкі істер министрлігі нақты қанша адамның ұстағанын хабарлаған жоқ.

Бұған дейін бұрынғы банкир, Қазақстан билігін сынаушы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов пен ол жетекшілік ететін "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы 22 ақпан күні жақтастарын митингіге шақырған. Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы 2018 жылы елде "экстремистік ұйым" деп танылып, қызметіне тыйым салынған. Ал Әблязов Қазақстан сотының шешімімен келіспейді. Еуропарламент 2019 жылғы наурыздағы резолюциясында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

Оқи отырыңыз: Шеру өтетіні хабарланған алаңда интернет байланысы үзілді

Сенбі күні таңертең Алматыда полиция Әлия мен Мәншүк ескерткіші жанында митинг өткізіп, саясаткер Жанболат Мамайды босатуды талап еткен "Демократиялық партия" белсенділерін де полиция ұстаған еді.​

Құқық қорғаушы Ерлан Қалиев түстен кейін Азаттыққа Медеу аудандық ішкі істер басқармасында жиырма шақты "Демпартия" белсендісі отырғанын, оларға құқық қорғаушыны жібермей жатқанын хабарлады.

22 ақпанда Алматыдан бөлек, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе қалаларында полиция наразыларды ұстаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG