"Жын шығару" һәм миға ота жасау. Оралдық гейдің хикаясы

Азаттық радиосы

28 жастағы Бекзат Мұқашев каминг-аут (жыныстық ориентациясы басқа екенін ерікті түрде мойындау) жасаған соң көп қиындық көргенін айтады. Туыстары мәжбүрлеп миына операция жасатқан соң ол қашуға мәжбүр болған. Сүйіктісімен бірге бой тасалаған Бекзатты қазір туыстары бүкіл Қазақстаннан іздеп жүр.

Бекзат Мұқашевқа биыл қаңтар айының басында ота жасаған. Дәрігерлер оның басына сұйықтық жиналмауы үшін ми тармақтарын тазалаған. Бала кезінде гидроцефалия диагнозы қойылған Бекзат ота жасауға еш негіз болмағанын айтады. Бірақ ата-анасы қысым жасап, Бекзатты операцияға көндірген. Гомосексуал екенін мойындаған жігітті туыстары осылайша «емдеуді» ұйғарған. Бекзат ата-анасының «отадан кейін еркіңе жіберіп, сүйгеніңмен бірге тұруға рұқсат береміз» деген уәдесіне сеніп, операцияға келіскенін айтады.

ГЕЙ ЕКЕНІН ЖАСЫРУ ҮШІН ҮЙЛЕНГЕН

– Басқаларға ұқсамайтынымды он жылдан бері білемін. Бір жігітпен қарым-қатынас құрып көрдім, одан бөлек кейде басқа жігіттермен жай ғана төсектес болып жүрдім. Бірақ ешбір туысым ориентациям туралы білмейтін. Бұл туралы ешкімге айтқан емеспін. Бірде ата-анам «үйленуің керек, келін түсіріп, немере сүйгіміз келеді» деген, - деп бастады басынан өткені жайлы әңгімесін Бекзат Мұқашев.

Қазіргі тұрып жатқан мекенжайын туыстарынан жасырып жүрген Бекзат Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлесті.

Үйдегілер қыстап жүріп, өткен жылдың қазан айында Бекзатты күштеп үйлендірген. Жігіт ориентациясын жасыру үшін ғана ата-анасының сөзіне көнгенін айтады. Бекзаттың туыстары – қазақтың ұлттық салт-дәстүрін берік ұстанатын, дінге ден қойған адамдар.

– Ол кезде жігітім Арманмен кездесіп жүргенбіз. Екеуміз үйлену тойыма аз уақыт қалғанда танысқан едік. Шамамен сол уақытта ВИЧ инфекциясын жұқтырғанымды білдім, - дейді Бекзат.

Бекзат өзіне ВИЧ жұққанын Арманның арқасында білген. Арман бұрын елдегі СПИД орталықтарының бірінде жұмыс істеген. Қазір ол еріктілер қатарында ВИЧ жұқтырған адамдарға көмектесіп жүр.

– Бекзатты тексеруден өтуге көндірдім. Өйткені оның бойындағы лимфо түйіндері ұлғайғанын байқадым. Біз СПИД орталығына барғанда вирус жүктемесі жоғары боп шықты. Дәрі жазып берді, Бекзат оларды қабылдай бастады. Соңғы тексеріс кезінде жағдайы біршама жақсарғанын байқадық, - дейді Арман.

Әйелімен тұруды қаламаған Бекзат сүйіктісі Арманмен бірге қалғысы келген. Ол гей екенін туыстарынан бірінші рет қарындасы Лизаға айтқан.

– Сол-ақ екен, іле-шала бұл туралы қарындасымның күйеуі де білді, олар анама айтқан. Анам қатты ашуланып, менімен сөйлеспей қойды. Өзге туыстарым да сырт айналды. Анама әйеліммен ажырасып, Арманмен бірге тұрғым келетінін, оны жақсы көретінімды айтып, хат жаздым, - дейді Бекзат. Анасы ол хатты жігіттің әкесіне көрсеткеннен кейін, ол ашуланып, ұлын сабаған.

– Сол күні әйелім екеуміз тұрып жатқан пәтерге баса-көктеп кірген әкем мені ұрып-соға бастады. Соққыдан денем қалшылдап, есімнен танып қалдым. Жедел жәрдем көлігімен мені ауруханаға жеткізіп, нейрохирургия бөлімшесіне жатқызды, - дейді жігіт.

«ТУЫСТАРЫМ ЖЕНДЕТ ЖАЛДАЙМЫЗ ДЕДІ»

Ертеңіне Бекзат ауруханадан қашып шығып, Арманмен бірге Ақтауға кетіп, екеуі Арманның достарының үйіне түскен. Бекзатты ата-анасы іздей бастаған.

– Туыстарым «үйге қайт» деген талап қойып, маған қоқан-лоқы көрсетіп, хабарлама жаза бастады. Олар «психиатриялық емханаға жатқызамыз немесе жендет жалдаймыз» деп қорқытты. Бірақ мен Арманмен қалуға бел будым. Елден кетеміз деп шештік. Бұл үшін Оралда қалған құжаттарымыз керек болды, - дейді Бекзат.

Жеке куәлігін қалпына келтіру үшін Бекзат Ақтаудағы халыққа қызмет көрсету орталығына барған. Жаңа құжат рәсімдеу қиындық туғызбағанымен, ата-анасы Арманның қайда жүргенін біліп қойған.

– Әкем ауылшаруашылығы саласында ірі кәсіппен айналысады, таныстары көп. Ол барлық танысынан көмек сұраған сияқты. Оған жаңа құжат алуға тапсырыс бергенімді жеткізген. Жеке куәлігім дайын болысымен халыққа қызмет көрсету орталығынан хабарласты. Бір құжатқа қол қоюым керегін сылтауратып, келіп кетуімді өтінді. Барсам, ол жерде ата-анам, әйелім мен бейтаныс бір ер адам күтіп тұр екен, - дейді Бекзат.

Бекзатты көлікке күштеп отырғызып, Оралдағы үйіне алып кеткен. Онда Бекзаттың бұрынғы өмірі қайта жалғасқан. Бірақ жігіт анасына әйелімен тұрғысы келмейтінін айтқан.

– Туыстарым менен үйлі-баранды адамдай жүруімді сұрады. Басқа елге отбасыммен бақытты өмір кешіп жатқандай түр танытсам, ата-анамды жұрттың алдында ұятқа қалдырмай, отбасымен бірге жиын-тойларға қатысып жүрсем олар да менің таңдауыма құрметпен қарауға уәде берді, - дейді Бекзат.

Бұл кезде Арманға да қоқан-лоқы көрсете бастаған. Арман Бекзаттың әкесі өзін қорқытып, Оралдан кетуге мәжбүрлеу үшін адам жалдағанын кейін білген.

– Әртүрлі қызметке тапсырыс түсетін сайттардың бірінен Бекзаттың әкесі мені телефон нөмірім арқылы табатын детектив іздеген. Әлгі сайтта менің телефон нөмірім, есімім көрсетіліп, «адамды телефон нөмірі арқылы табуға» тапсырыс беріліпті, - дейді Арман.

Арманға хабарласқан адам одан Бекзатпен байланысын біржола үзуді талап еткен. Осы кезде Бекзаттың туыстары Арманның қайда тұратынын анықтап, білген. Осыдан кейін екі жігіті қашуға бел буған.

– Біз кездесуге уағдаласып, сосын көрші Ақсай қаласына кетіп қалдық. Ол жақта үнемі жалдамалы пәтер ауыстырып, бір орыннан екінші жерге көшіп жүрдік. Бекзаттың киім-кешегі де, ақшасы да болмады, менің жинаған ақшама күнелттік, - дейді Арман.

Біраз уақыттан кейін Бекзатқа хабарласқан ата-анасы оның атына тіркелген бизнесті аударуды сылтауратып, кездесуге шақырған. Ата-анасы барлық қаржы міндеттемесін ресми түрде тапсыруды өтінген. Олар кездесуді Оралдағы нотариус алдына белгілеген.

– Ол кездесуге Бекзатпен бірге бардым. Өйткені оны тағы да күштеп алып кетер деп қорықтым. Бекзаттың ата-анасы психологқа барғанын, соның кеңесімен ұлын қазіргі қалпында қабылдауға көнгенін айтты. Бекзат бүкіл істі ата-анасына өткізіп берді, ал олар оған өздері әкелген киім-кешегін берді. Мен Бекзатты туғандарымен татуласып, оларға ұлы өздері қалағандай емес, өзгелерге ұқсамайтынына көндігіп, қабыл алуына уақыт беруге көндірдім, - дейді Арман.

«ОЛАРДЫҢ ЖАЛҒЫЗ ШАРТЫ ОТА ЖАСАТУ БОЛДЫ»

Арман мен Бекзат Оралға келіп, пәтер жалдап, бірге тұра бастаған. Біраз уақыттан кейін Бекзат анасын дәрігерге қаратуға Мәскеуге кеткен. Ата-анасы Бекзаттың өзін медициналық тексеруден өткізу үшін осындай сылтау ойлап тапқанын жігіт кейін білген.

– Олар гомосексуал болуыма бала кезімде маған қойылған гидроцефалия диагнозы себеп болды деп ойласа керек. Бірақ ресейлік дәрігерлер ота жасауға негіз жоғын, диагнозым өміріме қауіп төндірмейтінін айтты. Оның үстіне операция денсаулығыма кері әсер етуі мүмкін екенін ескертті. Бұл сапар ата-анамның кезекті қулығы болғанын түсініп, Арманнан маған Оралға дейін билет сатып алуын өтіндім, - дейді Бекзат.

Бірақ әкесі мен ағасы жігітті пәтерге қамап, кілт пен телефонын тартып алған.

– Бекзат теледидар арқылы интернетке қосылудың амалын тауып, өзін «жыннан аластау» үшін молдаға апарғалы жатқанын айтып хат жазды. Ата-анасы Бекзатты жын-шайтан иектеп, соның кесірінен гомосексуал болған деп ұйғарған. Менің кеңесіммен Бекзат түнде қашып шықты, - дейді Арман.

Келесі күні Арман тұрып жатқан пәтерге Бекзаттың туыстары полиция қызметкерлерін ертіп келген. Ата-анасы ұлы жоғалғаны туралы арыз жазыпты.

– Менде сол күні болған оқиғаның видеосы бар: олар пәтерге баса-көктеп кірмек болып, айғайлады, бірақ біз тек учаскелік полиция қызметкерін ғана кіргіздік. Ол бізге полиция бөлімшесіне барып, тергеушіге Бекзаттың жоғалмағанын, өз еркімен кеткенін айту керек деп түсіндірді, - дейді Арман. Полиция бөлімшесінде Арман Бекзаттың әкесімен сөйлеспек болғанда, ол жігітке қол көтерген. Бекзат пен Арман әкесінің шабуыл жасағаны туралы арыз жазбақ болып, жарақаты туралы анықтама алуға ауруханаға барған.

– Облыстық ауруханаға барғанымызда, анамның құрбысының ұлы соңымызға түсті. Мен оның тапсырыс болса кез келген адамды ұрып-соға алатынын білетінмін. Біз денеге жарақат түскені туралы анықтама алып, ауруханадан шыққанымызда, сыртта бізді соңымызға түсіп, ілесіп келген көлікте болған жігіттер, туған-туыстарым мен әкем күтіп тұр екен. Мені ұстап, көлікке күштеп салды. Сол жерде тұрған полиция қызметкерлеріне «Көмектесіңіздер!» деп айғайладым, бірақ маған ешкім көмекке келмеді, - дейді Бекзат.

Олар Бекзатты бір тәулік қала сыртындағы үйде қамап ұстап, кейін молдаға апарған. Молда жігіттің бойында «жын жоғын» айтқан. Ертеңіне ата-анасы Бекзатты психологқа апарған. Ол гомосексуализм ауру болып саналмайтынын, сондықтан оның емі жоғын айтқан. Бекзат туыстарына әйелінен ажырасып, Арманмен бірге тұрғысы келетінін түсіндіруге тағы да тырысқан.

– Ата-анам жалғыз шарт қойды – егер миыма ота жасатсам ғана денсаулығыма алаңдамай, жөніме жіберуге келісетінін айтты. Мен келісімімді бердім, сөйтіп астанаға жол тарттық, - дейді Бекзат. Бекзатқа ел астанасындағы емханалардың бірінде операция жасаған. Өз айтуынша, Бекзаттың «басында сұйықтық жиналмауы үшін ми жолдарын тазартқан». Ота жасау үшін Бекзаттың бас сүйегін тескен. Жігіт отаның орны әлі күнге жазылмағанын айтады. Отадан кейін медбикелер арқылы Арманмен байланысқа шыққан Бекзат қашуға бел буған. Арман оны емханадан алып кету үшін Нұр-Сұлтанға барған.

– Әкем жаныма адам қалдырды. Ол адам өзін менің қашып кетпеуімді қадағалау үшін жалдағанын айтты. Сол кезде Оралға қайтпаймын деп шештім. Біз Алматыға кетуге бел будық, - дейді Бекзат.

Қазір Арман мен Бекзат ЛГБТ қауымдастығы ұсынған жерді паналап, өздеріне солар жинап берген ақшаға өмір сүріп жатыр.

– Әзірге еш жоспарымыз жоқ. Жағдай тынышталып, Бекзаттың туыстары сабасына түсіп, оны осы күйінде қабылдағанын күтеміз. Болашақта елден кеткіміз келеді, - дейді Арман.

«ГОМОСЕКСУАЛИЗМ – ҚАЛЫПТЫ ҚҰБЫЛЫС»

Қазақстандағы ЛГБТ қауымдастығы гомосексуал адамдардың құқықтарын қорғаумен айналысады, бұл мәселені «Kok.team» сайтының негізін қалаушылар жиі көтереді. Бекзатты құтқару керегін, бұған жалғыз өзінің шамасы жетпейтінін түсінген Арман ЛГБТ қауымдастығынан көмек сұраған. Арманның өтінішіне «Kok.team» сайтының негізін қалаушылардың бірі Анатолий Черноусов құлақ асқан.

– Гейлер ғана емес, жалпы ЛГБТ өкілдері өміріндегі негізгі теперішті туыстарынан көреді. Ондай жағдайлар көшедегі шабуыл мен жұмыстағы не мектептегі кемсітуден де қауіпті. Өйткені мұндай кезде адам қорғансыз күйге түседі. Ата-анасына экономикалық не құқықтық тұрғыдан тәуелді ЛГБТ өкілінің жағдайы мүлде нашар болады. Бұл жерде жасөспірімдер туралы айтып отырмын. Олар ең қиын топқа жатады, оларға көмектесу өте қиын. Олар тіпті балалар мен жасөспірімдерге арналған желіге хабарласуға да қорқады, өйткені телефонмен жауап берген адам оларға емделуге кеңес берген кездер болған, - дейді Анатолий Черноусов.

Оның айтуынша, Қазақстанда өзгелерден байлық пен биліктен басқа дүниемен ерекшеленуге болмайды. Ол гомосексуалдың өмірі қоғамда қалыптасқан бөлініс шегінен шығуға талпыныс ретінде қабылданатынын айтады.

– Гей мен лесбийлердің өзімен сөйлессең, олардың көбінің басқалардан айырмашылығы шамалы. Олар да той-томалақты, үлкен отбасы мен ақша жақсы, жайлы орын болғанын қалайды. Олар да өзге азаматтарымызға тән қасиеттерге ие қарапайым адамдар. Кейбір гейдің жігітпен танысқан кезде жеті атасын (қазақтардың генеологиялық тегі) сұрайтынын білуші ме едіңіз? Олар да ата-баба салтын бұзғысы келмейді, - дейді Черноусов.

Оның айтуынша, әлемнің бірде бір мемлекетінде гомосексуалдардың нақты саны туралы статистика жоқ. Кез келген қоғамның шамамен он пайызға жуығын гомосексуал ерлер мен әйелдер құрайды деген түсінік бар. «Бірақ ЛГБТ өкілдеріне қарсы қылмыс статистикасы бар және бұл көрсеткіштер әлдеқайда маңызды» дейді Анатолий Черноусов.

– Біздің сайтта ондай статистика жинауға арналған «Қиындыққа тап болсаңыз» деп аталатын форма бар. Ай сайын оған он-он екі хабарлама түседі. Бұл басындағы жайтты ашып айтуға бел буғандар ғана. Адамдар әділет барына сенбейді, сондықтан қылмыстың көбі айтылмай қалады, - дейді Черноусов. Психолог Райса Байдалиева гомосексуалдардың өзін-өзі қабылдай алмауы және қоғамда қалыптасқан түсініктер негізгі мәселеге себеп болып отырғанын айтады.

– Бірінші кезекте, олардың (гомосексуалдардың) көбінде өзін өзі қабылдай алмауы проблема туғызады, яғни олар басқалардан өзгеше емеспін деп өзін сендіруге тырысады. Көбі уайым-қайғыға беріліп, суицид жасауға талпынғандар да кездеседі. Кей гомосексуалдарда құрбан адамның мінез-құлқы байқалады. Қоғам әр мүшесінің бағасы барын түсінуі керек. Бір күні оған да жетерміз деп ойлаймын. Батыс елдеріне қарасақ, олар бұл мәселені әлдеқашан шешіп қойған, - дейді Райса Байдалиева.

Психолог жұрттың әдетте гомосексуализмді «Батыстың зиянды ықпалымен» байланыстыруға тырысатынын айтады.

– Гомосексуализм – қалыпты құбылыс деп санаймын. Психикамыздың дамуы, жеке және биологиялық ерекшеліктеріміз әртүрлі болғаны сияқты, жыныстық көзқарасымызда да ерекшелік бар. Қоғам мұны қабылдауы керек. Бұл мәселе дәстүрлі мәдениетке берік қоғамдарда жиі байқалады. Бірақ мұсылман елдерінің көбінде де гомосексуал адамдар барын ұмытпау керек. Пәкістан мен Ауғанстанда әйел рөлін ойнауға тәрбиелегендей етіп өсіретін бача ұлдар бары белгілі. Белгілі бір жасқа келгенде олар бұл образынан шығады, - дейді Райса Байдалиева.

Психолог дәстүрлі мәдениетте өмір кешіп жатқан Қазақстан қоғамы бүкіл әлем мойындаған шынайылықты, оның ішінде гомосексуализмді қабылдауға әлі дайын емесін айтады. Райса Байдалиева ЛГБТ өкілдерінің өмірі жайлы өз тәжірибесінен де біледі. Оған балалары гомосексуал екенін мойындаған ата-аналар да көмек сұрап келеді. Байдалиеваның айтуынша, ата-ананың көбі баласының гомосексуал екенін қабылдауға психологиялық тұрғыда дайын емес.

– Гетеросексуал ата-анадан гомосексуал бала қалай туатыны жөнінде көптеген теория бар. Әлі күнге бұл мәселеге байланысты ортақ пікір жоқ. Бірақ зерттеулерге сүйенсек, негізінен эпигенетикалық фактор әсер етеді. Яғни, жүктілік кезінде немесе туғаннан кейінгі әртүрлі жағдай белгілі бір генге әсер етеді. Көріп отырғанымыздай, бұл жерде адамның өзіне ештеңе байланысты емес, адам жүре бейімделуі мүмкін немесе оған әсер ететін факторлар болады, - дейді Райса Байдалиева.