Accessibility links

22 ақпандағы митинг қарсаңында қамалғандарға туыстары барды


Әкімшілік түрмеге қамалған жақындарына тамақ әкелген адамдар. Алматы, 24 ақпан 2020 жыл.
Әкімшілік түрмеге қамалған жақындарына тамақ әкелген адамдар. Алматы, 24 ақпан 2020 жыл.

Алматыдағы Лобачевский көшесінің бойында орналасқан әкімшілік құқық бұзғандарды уақытша қамау мекемесінде отырғандарға туыстары азық-түлік пен тамақ апарды. Кейбірі туысының 22 ақпанда митинг өткен күні, енді бірі оған дейін қамалғанын айтады.

Қамаудағы күйеуі Асхат Шыныбековке азық-түлік әкелген Алматы облысының тұрғыны Ақмөлдір Төлебекованың сөзінше, Шыныбековті 22 ақпанда полиция Талғардағы үйінен алып кеткен. Сол күні Алматының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты 15 тәулікке қамау туралы шешім шығарған.

- Киімі мен телефонын алып шыққан мені де Медеу аудандық полициясына апарып, екі сағаттай ұстады, - дейді Ақмөлдір Төлебекова.

Оның сөзінше, полиция күшпен ұстаған кезде күйеуінің тізесі мен тобығы жарақаттанған. "Оның бәрін видеоға түсірдік" дейді белсендінің әйелі.

Әкімшілік түрме алдына келгендердің бірі Гүлзипа Жәукерованың өзі де 22 ақпанда әкімшілік жазаға тартылған. Белсенді "фейсбук желісіндегі жазбасы үшін 20 АЕК айыппұл салынғанын айтады. Ол қамауда отырған Марат Тойбаевтың денсаулығына алаңдайды. Тойбаевқа 22 ақпандағы митинг қарсаңында "бейбіт жиын өткізу заңын" бұзды деген айып тағылған.

Алматының әкімшілік түрмесінің кезекшілігі 22 ақпандағы митинг қарсаңында және митинг кезінде қанша адамның қамалғаны жайлы ақпарат бермеді.

Адам құқығын қорғаушылар "22 ақпан күні Қазақстанның түрлі қалаларында болған митингілер кезінде 300-ден астам адам ұсталды, екі адам жарақаттанды" деп санайды. Олардың басым бөлігі босатылған, кейбірі әкімшілік жазаға тартылған. Ішкі істер министрлігі қанша адам қамалғанын айтқан жоқ.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG