Accessibility links

Уәкіл: Ағаділ қаза болған изолятордағы видеокамералар тексеріледі


Арнайы жасақ белсенді Дулат Ағаділдің қазасынан кейін ІІМ алдына билікке наразылық білдіріп жиналған азаматтарды ұстап жатыр. Нұр-Сұлтан, 25 ақпан 2020 жыл.
Арнайы жасақ белсенді Дулат Ағаділдің қазасынан кейін ІІМ алдына билікке наразылық білдіріп жиналған азаматтарды ұстап жатыр. Нұр-Сұлтан, 25 ақпан 2020 жыл.

Белсенді Дулат Ағаділдің өлімінен кейін 25 ақпанда Нұр-Сұлтанда полиция департаментінде ІІМ өкілдері мен Қазақстан бойынша адам құқығы жөніндегі уәкіл Эльвира Азимова арнайы жиын өткізді.

Азимова белсенді Ағаділ қаза болған Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторындағы барлық видеокамера жазбалары қаралатынын, зорлық-зомбылық жасалған я жасалмағаны тексерілетінін мәлімдеді.

Оның сөзінше, адам құқығы жөніндегі уәкілдіктің маманы қазір тергеу изоляторындағы барлық видеотүсіріліммен танысып жатыр.

«Адам [изолятор] қақпасынан аттаған соң оның әрбір қадамын камера түсіреді. Ағаділ отырған камерадағы жазба сегіз сағаттай. Оны тексеру уақыт алады. Ағаділ азаматтық белсенді болғандықтан қоғам тарапынан күдік бар. Бұл жағдайды тексеруге барлық тарапты, соның ішінде азаматтық қоғам өкілдері де жіберілуі керек» деді Азимова.

Азимова белсендінің өліміне қатысты тәуелсіз сот сараптамасы да тағайындалатынын жеткізді.

Жиын кезінде ІІМ орынбасары Арыстанғани Заппаров белсендінің қазасына байланысты алдын ала дерек айтты. Оның сөзінше, «Ағаділ таңғы алтыда тұрып, тамақтанған соң сағат 7-де дәретханаға барған. Одан кейін камераға келгеннен кейін тізерлеп отырып, есінен танып қалған. Алдын ала дерек бойынша, ол жүрек талмасынан қаза болған».

Оқи отырыңыз: Дулат Ағаділдің қазасынан соң бірнеше қалада азаматтар жиналды. Нұр-Сұлтанда наразыларды ұстап әкетті

Адам құқығы жөніндегі уәкіл Азимова «жиырма минуттан кейін келген жедел жәрдем Ағаділдің жүрегі тоқтағанын тіркеген». ІІМ орынбасары Заппаров жиын кезінде «изоляторға келгенде Ағаділ денсаулығына шағымданбағанын, бірақ видеокамерадан оның түнде ұйықтай алмай мазасызданып жүргенін» айтты.

«Ақмола облысы Целиноград аудандық полиция басқармасының қызметкерлері сот қаулысын орындау мақсатында Талапкер ауылынан Ағаділді Ақмол елдімекеніндегі аруханаға алып барған. Онда Ағаділдің қанында орта мөлшерде алкоголь бары анықталды. Изоляторға келгенде денесінде жарақат болмады. Ағаділмен бірге камерада отырғандар оның мас болғанын, онымен еш кикілжің болмағанын айтты» деді Заппаров.

ІІМ қазір Ағаділдің өліміне қатысты тергеу жүріп жатқанын жеткізді.

Осыған дейін бірнеше рет билікке қарсы наразылықтарға қатысып, жауапқа тартылған белсенді Ағаділдің изоляторда көз жұмғаны 25 ақпан түске таман белгілі болған.

Тергеу изоляторында көз жұмған белсенді Дулат Ағаділ
Тергеу изоляторында көз жұмған белсенді Дулат Ағаділ

Белсенділер оның «жүрек талмасынан қаза болғанына» сенбейді. «Ағаділдің өліміне қатысты ашық ақпаратты талап еткен нұр-сұлтандық бір топ белсенді 25 ақпан ішкі істер министрлігіне барған. Белсенділер министрліктен ешкім шықпаған соң жолды жабуға тырысқан. Сол кезде арнайы жасақ келіп, наразыларды күштеп ұстады. Белсенділер полиция бөлімшесіне жеткізіліп, кейін ұсталғандардың ішінде әйелдердің босатылғаны хабарланды. Нұр-Сұлтан полиция департаменті ІІМ алдында 10 ер, 13 әйел ұсталғанын, кейін 13 әйелдің босатылғанын хабарлады. Қалған он адамға қатысты ештеңе айтпады.

Ағаділдің қазасынан соң Алматыда, Шымкентте, Ақтөбеде белсенділер полиция департаментіне жиналып, Ағаділдің жүрек талмасынан қаза болды дегенге күмән келтірді. Олар бұл жағдайға қазіргі билік жауапты деп, Қауіпсіздік кеңесінің басшысы Нұрcұлтан Назарбаевтың және сенат спикері Дариға Назарбаеваның отставкаға кетуін және үкіметтің тарауын талап етті.

Ақтөбеде жиналған белсенділер «билікті ашық сынап жүрген белсенді Ағаділ кісі қолынан қаза болуы мүмкін» деп, ІІМ мәлімдемесіне күдік келтірді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG