Accessibility links

Нұр-Сұлтанда құқық қорғаушылар митинг туралы заң жобасын талқылады


Құқық қорғаушылар, адвокаттар, белсенділер мен билік өкілдері бейбіт жиын туралы заң жобасына қатысты қоғамдық тыңдауға қатысып отыр. Нұр-Сұлтан, 26 ақпан 2020 жыл.
Құқық қорғаушылар, адвокаттар, белсенділер мен билік өкілдері бейбіт жиын туралы заң жобасына қатысты қоғамдық тыңдауға қатысып отыр. Нұр-Сұлтан, 26 ақпан 2020 жыл.

26 ақпанда Нұр-Сұлтанда құқық қорғаушылар мен адвокаттар, заңгерлер бейбіт жиындар туралы заң жобасына қатысты қоғамдық тыңдау өткізді. Оған белсенділер мен заң жобасын дайындаған ақпарат министрінің орынбасары да қатысты.

Жиынға қатысқандардың кейбірі жобаны қолдап, шеруді арнайы белгіленген орында өткізу дұрыс деді. Кейбірі бейбіт шеру өткізу үшін биліктің рұқсаты қажет жоқ, оның өтетінін ескертсе ғана жеткілікті деді. Тыңдауға қатысқан белсенділер өздерін бейбіт жиында ұстап кете беретінін, тіпті үйден шыға алмайтындарын айтып, бұл жобаның қабылдануына қарсы шықты.

Азаматтық белсенді Әлия Жақыпова 22 ақпандағы митингіден соң 15 тәулікке қамауға алынған Зүбайда Сейдахметова, Ербол Есхожин, Айдар Мүбәрак пен Дәулет Балшықбаевты Дулат Ағәділді соңғы сапарға шығарып салу үшін бірнеше сағатқа болсын, босатуды талап етті. Сонымен қатар Әлия Жақыпова өзін тәуелсіз дәрігер ретінде белсендіге жасалатын сот медициналық сараптамасына қатыстыртуды сұрады. Оның сөзін жиын модераторы Маржан Аспандиярова да құптап, қамаудағы белсенділерді дереу босатуға шақырды.

Құқық қорғаушылар мен белсенділер ақпарат министрлігі дайындаған жаңа заң жобасын «масқара және оны мәжіліске жібермеу керек» деген талап қойды.

Нұр-Сұлтандағы қоғамдық тыңдау. 26 ақпан 2020 жыл.
Нұр-Сұлтандағы қоғамдық тыңдау. 26 ақпан 2020 жыл.

- Бұл не масқара? Жалғыз адамдық пикетке рұқсат алуды масқара жағдай деп санаймын. Бұл не өзі? Бұл заңмен Қазақстанның беделін түсіреміз және барлық халықаралық құжаттарда жазылған ұсыныстарды жойып отырмыз. Сіздер оны мүлдем оқымағансыздар немесе заң дайындауды білмейсіздер, - деді Бақытжан Төреғожина.

Жиынға қатысқан ақпарат және қоғамдық даму министрінің орынбасары Данияр Есин "қарша бораған" сұрақтарға жауап бере алмады. Ол Азаттық тілшісіне берген сұхбатында қоғамдық пікірді, ескертулерді барынша есту үшін заң жобасының ашық оқылымға шығарылғанын, ұсыныстардың екерілгенін айтты.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі "Қазақстан Республикасында бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі" туралы заң жобасының тұжырымдамасын ақпан айының басында таныстырған.

"Ашық үкімет" сайтында жарияланған 21 баптан тұратын заң жобасында елде бейбіт шеру, митинг және пикет өткізудің тәртібі, шараны ұйымдастырушы мен оған қатысушылардың құқықтары мен міндеттері, митингілер өткізуді қосымша регламенттеу жөніндегі жекелеген ережелер мен талаптар белгіленетіні жазылған.

Қазақстандық сарапшылар үкімет әзірлеген бейбіт митинг туралы заң жобасында азаматтардың конституциялық бостандықтарын пайдалану құқығын шектейтін бұрыннан келе жатқан ережелер барын айтады. Ал билік жобаны әзірлегенде халықаралық тәжірибе ескерілді дейді.

Оқи отырыңыз: Митинг өткізу құқығы. Жаңа заң жобасындағы ескі шектеулер

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG