Accessibility links

Жамбыл облысының тұрғыны "әкімге жала жапты" деген айыппен жазаланды


Жамбыл облысы Жамбыл аудандық соты 26 ақпанда Бесағаш ауылдық округінің тұрғыны Абай Жүндібаевты Қылмыстық кодекстің 130-бабының ("Жала жабу") 2-тармағы ("Көпшiлiк алдында немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып жасалған іс-әрекет") бойынша айыпты деп тауып, бір жылға шартты түрде бостандығын шектеді. Жүндібаевты ауыл әкімі Бейбіт Нығматуллаев "жала жапты", "қорлады" деп сотқа берген. Сотта "қорлағаны" дәлелденбеген.

Айыпталушы сот үкімімен келіспейтінін, апелляциялық шағым түсіретінін айтты. Бесағаш ауылдық округінің әкімі Бейбіт Нығматуллаев "сот шешімін дұрыс деп есептеймін. Кішкентай балалары бар, түрмеге қамап, айыппұл салғаннан гөрі осы үкім әділ болды. Ол жалған сөзіне жауап беруі керек" деді.

Ауыл әкімі Нығматуллаев "Жүндібаев мені ауылдағы ғимаратты сатып, қарағаштарды заңсыз кесіп тастады деп жала жауып, желіде видео таратты, жеке басымды қорлады» деп айыптаған. Әкім "тұрғынның Facebook желісіндегі жазбасынан кейін жауапты органдар тексеріп, ешқандай ілік таппағанын" айтады.

Ауыл тұрғыны Абай Жүндібаев видео жариялағанын жоққа шығармайды. Ол «қоғам мәселесін ашық айтып жүрген белсенділігім әкімге ұнамағандықтан сотқа шағымданды" деп санайды.

Қазақстанда құқық қорғаушылар, халықаралық ұйымдар мен заңгерлер "билік өкілдері Қылмыстық кодекстегі "Жала жабу" және "Қорлау" бабын өзіне жақпаған белсенділерді және журналистерге қысым көрсетуге қолданады" деп алаңдаушылық білдірген.

Осыған дейін адвокаттар мен құқық қорғаушылар биліктен "Жала жабу" және "Қорлау" бабын Қылмыстық кодекстен алып тастауды сұраған.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та аталған екі баптың Қылмыстық кодекстен Әкімшілік кодекске ауыстырылатынын айтқан. Бірақ әзірге өзгеріс болған жоқ.


  • 16x9 Image

    Ақсәуле ӘБІТАЙ

    Ақсәуле Әбітай - Азаттықтың Жамбыл облысындағы тілшісі. Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG