Коронавирус табылып, Жапония жағалауында карантинге тұрып қалған Diamond Princess кемесіндегі Қырғызстан азаматына коронавирус жұққаны анықталды. 28 ақпанда Бішкекте баспасөз жиынын өткізген Қырғызстанның сыртқы істер министрінің орынбасары Нурлан Абдрахманов осылай деп айтты. Қырғызстан азаматының вирус жұқтырғанын 26 ақпанда тапсырған сараптама қорытындысы көрсеткен.
Министрлік өкілінің айтуынша, қырғыз азаматы Жапониядағы ауруханалардың бірінде оңаша палатада ем қабылдап жатыр. Қырғызстанның Жапониядағы елшілігі қырғыз азаматымен тұрақты түрде хабарласып, жағдайын бақылап отыр.
Жапония жағалауында тұрған Diamond Princess лайнерінде 5 ақпанда бір адамнан коронавирус табылып, карантинге жабылған. Кеме ішінде 50 елден 3700 адам болған. Лайнерде 500-ден астам адам вирус жұқтырған.
Бұған дейін Қазақстан сыртқы істер министрлігі карантиндегі Diamond Princess кемесінде болған Қазақстанның төрт азаматы: екі әйел екі немересімен 21 ақпанда жағаға шыққанын, оларға вирус жұқпағанын хабарлаған болатын. Олар осы апта басында Қазақстанға оралған. Денсаулық сақтау министрлігінің айтуынша, олар 14 күндік карантинге жіберілген.
Соңғы дерекке сәйкес, әлем бойынша 80 мыңнан астам адамға коронавирус жұққан. Шамамен 2800 адам вирустан көз жұмған. Олардың басым бөлігі - Қытайдың Хубэй провинциясының тұрғындары.
Біртанов: Жапониядан келген ұшақ жолаушыларынан кешірім сұраймыз
ПІКІРЛЕР