Accessibility links

Қазақстан Иранмен әуе қатынасын тоқтатты


Ирандағы коронавирус ошағына айналған Құм қаласының тұрғындары. 27 ақпан 2020 жыл.
Ирандағы коронавирус ошағына айналған Құм қаласының тұрғындары. 27 ақпан 2020 жыл.

Коронавирус тараған Иранмен арадағы жалғыз әуе рейсі, Әзербайжан, Оңтүстік Корея, Жапонияға әуе рейстері наурыздың бірінен бастап тоқтатылды. Бұл ақпаратты премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов үкімет отырысынан кейінгі брифингте хабарлады.

— Әзербайжанмен арадағы аптасына 15 рейс 3 рейске дейін қысқарды. Өйткені Иран азаматтары Қазақстанға Баку арқылы келуі мүмкін, - деді Ералы Тоғжанов.

Ералы Тоғжановтың сөзінше, аптасына тоғыз рет Оңтүстік Кореяға қатынайтын әуе рейсі үшке дейін түскен. 5 наурыздан бастап Токио – Нұр-Сұлтан бағытындағы рейстер азаяды.

Қазақстан премьер-министрі сайтының хабарлауынша, бүгін өткен отырыста премьер-министр Асқар Мамин үкіметке "коронавирусқа қарсы шара қабылдауды тапсырған".

Сайттың хабарлауынша "үкімет отырысында шетелдіктер қатысатын ірі халықаралық шараларды кейінге қалдыру, коронавирус тараған елдерден келетін туристерге виза бермеу, жұмыс күшін тартуды тоқтату" сөз болған.

Иран денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне қарағанда, Иранда коронавирустың таралуы күшейе бастаған, бүгінге дейін 978 адам жұқтырған.

Дүниежүзінде қазірге дейін коронавирус жұқтырғандар 89 мың адамнан асты. 2019 жылдың желтоқсанында COVID-19 коронавирус инфекциясы басталғалы 3046 адам өліп, 45 113 адам жазылып шыққан.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG