Accessibility links

Тоқаев Нұр-Сұлтанда әйелдер мерекесіне арналған жиын өткізбейтінін жазды


Қазақстан президенті Қасым - Жомарт Тоқаев
Қазақстан президенті Қасым - Жомарт Тоқаев

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық әйелдер күні қарсаңында салтанатты жиын мен мерекелік концерт өткізбеу жөнінде шешім қабылдағанын айтты. Бұл ақпаратты Қасым-Жомарт Тоқаев twitter парақшасында жариялады.

-Бұл - әлемде коронавирус таралуына байланысты қауіпсіздік шарасы үшін жасалып отыр. Ардақты аналар мен аруларға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін,- дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тоқаевқа дейін ширек ғасыр Қазақстан президенті болған Нұрсұлтан Назарбаев 8 наурыздағы "халықаралық әйелдер күні" мерекесі қарсаңында бір топ әйелді қабылдап, соңынан салтанатты шара өткізуді дәстүрге айналдырған еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынуымен жалпы халықтық сайлауда Қазақстан президенті болып сайланған. Халықаралық бақылаушылар "сайлау кезінде заң бұзу фактілері болғанын" айтқан. Сайлау күні Қазақстанның түрлі қалаларында наразылық акциялары өтіп, 4 мыңға жуық адамды полиция алып кеткен. Нұрсұлтан Назарбаев соңғы жылдары Конституцияға енгізілген өзгерістер бойынша Қазақстан қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қызметін өмір бойына атқаруға кіріскен.

Коронавирус таралуына байланысты Қазақстан соңғы күндері бірнеше мемлекетпен әуе қатынасын тоқтатып, кейбірін шектеген. Қазақстан үкіметі бүгін "шетелдіктер қатысатын ірі халықаралық шараларды кейінге қалдыру, коронавирус тараған елдерден келетін туристерге виза бермеу, жұмыс күшін тартуды тоқтату" сөз еткен.

Дүниежүзінде қазірге дейін коронавирус жұқтырғандар 89 мың адамнан асты. 2019 жылдың желтоқсанында COVID-19 коронавирус инфекциясы басталғалы 3046 адам өліп, 45 113 адам жазылып шыққан.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG