«Әкемнің абыройын ойлап көндім». Алып қашуды бастан кешкен қыздардың хикаясы

Дилара ИСА

Қазақстанда қоғам сынына қарамастан елдің оңтүстігінде қыз алып қашу әлі бар. Прокуратураның есебінше, былтыр Қазақстанда 210 қыз алып қашу оқиғасы тіркелген. Оның көбі Түркістан облысында болған. Алып қашуды басынан өткерген түркістандық екі қыз Азаттыққа көрген қиындықтарын айтып берді.

«МАСҚАРАҢ ШЫҚПАЙ ТҰРҒАНДА КЕЛІСІМ БЕР»

Түркістанда тұратын 21 жастағы Гүлзаданы (аты-жөні өзгертілді) былтыр желтоқсанда өзі танымайтын 24 жастағы жігіт алып қашқан. Желтоқсанның 3-і таң ата ұйқыдан оянғанда ол бұл күні астаң-кестең шығатынын ойламаған еді. Әдеттегідей күнделікті сабағына жиналып, жеңгесімен аялдамаға бет алады. Автобус күтіп тұрғанда жандарына кенет бір көлік тоқтап, ішінен үш жігіт атып шығады да, күштеп машинаға салады. Көмекке ұмытылған аяғы ауыр жеңгесін жігіттердің бірі итеріп жібереді. Не болғанын түсінбей қалған Гүлзада көлік ішінде қарсылық білдіреді, бар даусын шығарып айғайлайды. Жігіттерге жалынып жіберуін өтінеді. Бірақ оны үш жігіттің бірі де тыңдамайды. Ұялы телефонын тартып алады. Гүлзада басында көліктегі үш жігіттің қайсысының үйіне бара жатқанын да білмеген. Үйге келіп түскен соң жігіттің туысқандарынан босатуын, оқуы барын айтып жалынады. Бірақ оны тыңдаған ешкім болмады.

Гүлзада өзін алып қашқан жігітті өмірінде көрмеген. Ал жігіт оны ауылдағы тойлардың бірінде көріп, ұнатып қалғанын айтқан. Гүлзада басына орамал салдырмай қояды. Кейін «туыстары іздеп келе жатыр» деген хабарды естіген соң жігіт пен оның достары, туыстары Гүлзаданы Кентау қаласына алып барып, тығылған. Кентауға жеткен соң жігіттің жеңгелері «орамал саламыз, масқараң шықпай тұрғанда келісім бер» деп қысым да көрсеткен. Гүлзада бұлқынып, ешкімнің айтқанына көнбейді. Осыдан соң жігіт пен оның жақындары Гүлзаданы Кентаудан Шымкентке әкеледі. Түнде жігіт Гүлзаданы зорлайды.

–Бір адам менің сөзіме құлақ аспады. Шымкентке пәтерге алып келіп, қараңғы бөлмеге қамап қойды. Екінші қабаттан терезеден секіріп қашпақ болған жерімнен досы ұстап қалды. Содан кейін жеңгелері кезекпен күзетіп жанымда отырды, – деген Гүлзада егіліп жылап жіберді.

Өз-өзіне келе алмай, көз жасын тыя алмаған ол иегі дірілдеп, басын бірнеше рет шайқады.

–Түн ортасында қарсылық білдіргеніме қарамастан, жігіт мені зорлады. Айқайладым. Көмекке шақырдым. Пәтерде бірнеше адам болса да, ешқайсысы көмекке келмеді, – деп күрсінді ол.

Түн ортасында зорланған Гүлзада есінен танып, мең-зең күй кешкен. Сөзінше, таңертең жігіттің туыстары «қолхат жазып бермесең, өлтіреміз» деп қорқытқан. Амалы таусылған соң келісім бергенін айтады.

–Келісім бергенімді видеоға түсіріп алды. Осыдан соң бәріміз бірге ауылға келдік. Жол бойы үнсіз жылай бердім. Кешке артымнан қуғыншы болып анам келді. «Өз еркіңмен келдің бе?» деп сұрады. «Жоқ, ол мені зорлап тастады» деп жыладым. Анам бірден «Кетесің бе?» деді. «Ия» деп үйден жүгіріп шығып кеттім, – дейді ол.

«АУЫЛ ҚАЙТЫП КЕЛДІ ДЕП ШУЛАДЫ»

Гүлзада үйіне оралған соң өзін алып қашқан жігіттердің үстінен полицияға арыз жазғанын айтады. Түркістан қалалық полиция басқармасы бұл оқиғаға байланысты «Адам ұрлау» және «Зорлау» бабымен іс қозғалғанын хабарлады. Полицияның дерегінше, күдікті ретінде 24 жастағы жігіт ұсталған. Сот оны кепілмен босатқан. Тағы үш адамға қатысты шешім алдағы уақытта қабылданбақ.

Гүлзада «адам ұрлау мен зорлау ауыр қылмыс болса да, ар-намысы тапталса да», күдіктілердің бостандықта жүргеніне жаны ауырады. Алып қашуға және зорлау оқиғасына жиырма шақты адам араласқанына қарамастан, төрт адамның ғана ұсталғанына қынжылады. Қалған адамдардың тергеуге алынбағанына қапалы.

Гүлзаданың айтуынша, жігіттің туыстары кешірім сұрап, әке-шешесіне бірнеше рет келген. Бұл оқиғадан соң ата-анасы ауырып, өзі көшеге шығудан қалған.

–Ауыл қайтып келді деп шулады. Мені кінәлап жатқандар көп. «Ата-анасы мен өзі жігіт жақтан ақша сұрап жатыр» екен деген сөз шықты. Бізге ақша керек емес, ар-намысым керек. Ар-намысым ақшаға сатылмайды. Мен онымен бірге өмір сүре алмаймын, сүрмеймін де. Келісімімді алмай қолының ұшын тигізуге кім рұқсат берді? Зорлап, өлтіремін деген адаммен қалай өмір сүремін? Қолымен істеді ме, мойнымен көтерсін. Заң алдында жауап берсін. Соңына дейін барамын, – дейді Гүлзада.

«ҚАЙТЫП КЕЛГЕН ҚЫЗ ЖАМАН ДЕГЕН СӨЗДІ ЕСТІП ӨСТІК»

Танымайтын жігіт алып қашқан 21 жастағы Балым (аты-жөні өзгертілді) да өзін алып қашу құрбанымын деп санайды.

Студент Балым демалыста Түркістан облысындағы аудандардың бірінде тұратын ата-анасына барады. Кейін ауылдан қалаға қайтпақ болып, жол-жөнекей көлік күтіп тұрғанда бір машина тоқтап, «әй-шайға қарамай» салып әкеткен. Балым басында не болғанын түсінбей қалған. Балымды салып алған көлік жүйткіп, көрші ауылға жеткен. Ол өзін алып қашқан жігітті өмірінде көрмегенін айтады.

–Жеңгелері жігітті көрсеткенде ұнатпадым. Теңім емес екенін ішім сезді. Жаным қаламады. Ал жігіт мені сырттай ұнатқанын айтты. Қазақы ауылда тәрбиелендік қой. Бала кезімізден «қайтып келген қыз жаман» деген сөзді естідік. Әкемнің абыройын ойлап келісім бердім. «Әкемнің абыройын төгетін болдым ғой» деген ой ғана қалуыма себеп болды, – дейді ол.

Балым екі күннен кейін «өз еркіммен келдім» деген қолхат жазған. Жігіттің жақындары Балымның ата-анасына хабаршы жіберіп, қолхатты жеткізген. Артында қуғыншы келіп, екі жақ келіскен. Одан кейін беташар, шариғат жолмен некелесу...

Балым жігітпен екі ай бірге өмір сүріп, ажырасқанын айтады. Екеуі бір-бірін түсіне алмаған. Жігіт бірнеше рет қол көтеріп, қорлаған соң Балым үйден кеткен. Қазір Балым өз үйінде, бүгінгі өмірі жайлы ашылып айтқысы келмейді.

«ҰРЛАНҒАН ҚЫЗДАРДЫҢ ІЛУ ДЕ БІРЕУІ ШАҒЫМ ТҮСІРЕДІ»

Түркістан облыстық прокуратурасының есебінше, 2019 жылы ел бойынша 210 қыз алып қашу оқиғасы тіркелсе, оның 102-сі Түркістан облысында болған.

«Қалыңдықты ұрлаған және оған қатысқан адамдар Қылмыстық кодекстің «Адам ұрлау» бабымен жауапқа тартылады. Қалыңдық некелесуге келісімін бермесе, оны алып қашу – қылмыс. «Неке және отбасы туралы» заңға сәйкес, неке – ерікті одақ. Егер бір жақ келісім бермесе, неке заңсыз» деп мәлімдеді облыстық прокуратура.

Түркістан жақта алып қашқан қыздардың бәрі бірдей полицияға арызданып, күдіктілерді сотқа бере бермейді. Арыз түсірген қыздардың өзі екі жақ татуласқаннан соң шағымын кері қайтарып алады. Мәселен, 2019 жылдың желтоқсан айында Арыс қаласында жігіттер қыз алып қашпақ болған. Олардың видеосы интернетке тарап кеткен еді. Видеода мейрамханадан шыққан бір топ жігіттің қарсыласуына қарамастан бір қызды сүйреп, көлікке отырғызғаны байқалады. Жігіттер қызға көмектеспек болғандарды итеріп жібереді.

Түркістан облыстық полиция департаменті бұл видео тараған соң «қыз алып қашпақ болған» тұрғындардың үстінен «Адам ұрлау» бабымен іс қозғалғанын, тергеу басталғанын хабарлаған. Арызды қыздың шешесі жазғанын мәлімдеген. Қыз ата-анасының үйінде екені айтылған. Ал 2020 жылдың ақпан айында полиция Азаттыққа бұл істің тоқтатылғанын мәлімдеді. Орган «күдікті мен жәбірленуші бір сыныпта оқығанын, жігіт қызды үйлену мақсатында алып қашқанын айтып, келісімге келді. Тараптардың татуласуына байланысты қыз арызын алып, жігітке шағымы жоқ екенін жеткізді» деді.

Қазақстанда қыз алып қашу адам ұрлығымен теңестіріліп, қылмыс статусы берілсе де, елде бұл жайт азаймай тұр. Елде қыз алып қашуды салт деп қабылдайтындар әлі де бар. Соттарда зорланған, қысым көрген әйелдердің құқығын қорғап жүрген адвокат Айман Омарованың пайымдауынша, қыз алып қашу – сөзсіз қылмыс.

–Адамды еркінен тыс алып қашу – заңсыз. Оны салт деп айту, сыныққа сылтау ғана. Қыз алып қашуда қылмыстың құрамы әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан кейде «Адам ұрлау» бабымен қоса «Бас бостанығынан заңсыз айыру» бабымен іс қозғалады. Қызды жалғыз адам алып қашпайды. Жолдас жігіттерімен алып қашады. Оған қоса келін келеді деп үйінде күтіп отыратын адамдар бар. Олар қылмыс жасалғанын біліп тұрса да, жасырады. Бәрі бірге қызды келін болып қалуға көндіріп, қылмыс жасайды. Қазақстанда әйелге теңдік берілмеген. Сондықтан әлі күнге жігіттер қыздарды алып қашады, – дейді ол.

Адвокат Джохар Утебековтің сөзінше, Қазақстанда қыздардың басым бөлігі ұрлаған жігіттің дегеніне көніп, онымен бірге өмір сүруге келісім береді, ал келісім бермей қайтып кеткен қыздардың барлығы полицияға арыз жазбайды. Болған оқиғаны ұмытуға тырысады.

–Қызды еркінен тыс алып қашып, бас бостандығын шектеумен қатар күш қолданып, зорлайтындар да бар. Қыз алып қашу оқиғасының көбі бірдей полицияға тіркелмейді. Ұрланған қыздардың ішінде ілуде біреуі ғана шағым түсіреді. Қызды алып қашқан жігіттерді қылмыстық жауапқа тарту қиын. Кәмелет жасқа толмаған не енді толған қыздарды алып қашу жиі кездеседі. Олар өз құқығын қалай қорғау керегін білмейді. Қыз алып қашуды қалыпты жағдай деп қабылдауға болмайды. Бұл – ауыр қылмыс, жазасы – бас бостандығынан айыру. Қызды көлікке күштеп отырғызуға көмектескен, көлікті жүргізген, қызға орамал жауып, оны қалуға, келісімін беруге үгіттеген әйел де қылмыс жасаушының серігі. Олар жазасыз қалмауы керек, – дейді ол.

Әйелдер құқығын қорғап жүрген «Не молчи» ұйымының жетекшісі Дина Смаилова қыз алып қашу – жеке өмірге қол сұғу, еркінен тыс күшпен мәжбүрлеп төсекке тарту – жыныстық қол сұғушылық екенін айтады.

–Қызды күштеп ұстап, тұрмысқа шығуға үгіттеудің өзі адамды заңсыз ұстаумен тең. Қоғамда «қыз күйеуге тиіп, бала табу керек» деген жазылмаған заң қалыптасқан. Көбіне қыздардың білім алу, жұмыс істеу сынды таңдау құқығы шектеледі. Ұрланған қыздардың отбасылық өмірге үйренуі қиын. Ажырасады не күйеуінің дегеніне көніп, ұрып-соғуына, кемсітуіне төзеді. Екі тараптың да ата-анасы мен туысқандары осыны түсінуі керек, – дейді Смаилова.

Қазақстан қоғамында «Қыз алып қашуды» салт ретінде қарайтындар және оны қылмыс деп санайтындар да бар. Күдіктілерге Қылмыстық кодекстің «Адам ұрлау» бабымен іс қозғалады. Құқық қорғаушылар билікті «қыз алып қашуды» жою үшін Қылмыстық кодекстен жеке бап арнап, жазаны күшейтуге шақырады.

(Мақала кейіпкерлердің сөзі негізінде жазылды)