Accessibility links

Тәжікстандағы сайлауда Рахмонның партиясы жеңіске жетті


Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон

Тәжікстан билігінің хабарлауынша, ел президенті Эмомали Рахмон басқаратын билік партиясы 1 наурызда елде өткен парламент сайлауында жеңіске жетті. Рахмонның партиясы өзін қолдайтын одақтастарымен бірге парламенттегі ықпалын толық сақтап қалды.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Бахтиер Худоерзода 2 наурызда дауыс берудің алдын ала нәтижесін жариялап, биліктегі Тәжікстанның халықтық-демократиялық партиясы 50,4 пайыз дауыс алғанын жариялады. Бұл нәтижемен партия төменгі палатадағы 63 орынның 47-сін иелене алады. Жалпы парламентке билікті қолдайтын бес партия өтеді. Аграрлық партия – жеті, Экономикалық реформа партиясы – бес, Коммунистік партия екі орын алады. Демократиялық партия мен Социалистік партия бір орын иеленді.

ОСК жетекшісінің сөзінше, елдегі жалғыз оппозициялық саяси күш – Тәжікстанның социалистік-демократиялық партиясы 5 пайыздық межеден өте алмаған.

Ресми дерек бойынша, сайлаушылардың 86 пайызы дауыс берген. Елде жалпы төрт миллиондай сайлаушы тіркелген.

1 наурыздағы сайлауға алғаш рет елдегі беделді оппозициялық күш - Тәжікстанның ислам жаңару партиясы қатыспады. Билік бұл партияның қызметіне тыйым салған. Халықаралық ұйымдар Рахмонды оппозицияны басып-жаншыды, тәуелсіз басылымдарды жапты және ел экономикасын тұралатты деп жиі сынайды. Тәжікстан – аймақтағы ең кедей елдердің бірі, мұнда жұмыссыздық пен жемқорлық деңгейі жоғары.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG