11 наурызда Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы Ақжайық ауылының тұрғындары жергілікті ауруханадағы корпустардың бірін коронавирусқа байланысты карантиндік блок ретінде пайдалану туралы шешімге қарсы шықты. Билік өкілдері мен тұрғындардың кездесуі кезінде шамамен 30 адам аурухананың науқастарды қабылдауға шамасы келмейтінін айтып, карантинге адам әкелмеуді талап етті.
- Вирус табылған орындардан адамдарды осында әкелетінін кеше ғана білдік. Вирус ошағында болған адамдар біздің ауруханаға жатқызылады. Мен өзім үшін, балаларым үшін, ауылым үшін қорқамын, - деді Ақжайық тұрғындарының бірі Бақытгүл Әжмағанбетова.
Оның айтуынша, тұрғындарға карантиндік корпустың неліктен Ақжайық ауылында орналасуы қажет екенін ешкім түсіндірмеген.
- Біздің ауылда жұқпалы аурулар ауруханасы бар, сол үшін осында болады деп жатыр. Бірақ аурухана науқастарды қабылдауға дайын ба, жоқ па, білмейміз. Біздің ауруханада ешқашан жұқпалы аурумен ауырғандар жатпаған. Менің ойымша, дәрігерлер мұндай науқастарды қабылдауға дайын емес, - дейді Әжмағанбетова.
Биліктің айтуынша, аймақта ешкімнен коронавирус табылмаған, сондықтан бұл жерге сау адамдар келеді.
- Мұнда карантиндік стационар болмақ, сондықтан мұнда тек сау адамдар ғана болады. Барлық елді мекендерде, тіпті Оралда да осындай карантиндік блоктар бар. Егер үй жағдайында карантинде отыра алмаса, олар карантиндік стационарға жіберілмек. Вирус жылдам тарап жатқандай болса деп бес мың адамға шақтап, орын дайындап отырмыз, - деді Батыс Қазақстан облысының сапаны бақылау мен тауарлар қауіпсіздігі департаментінің басшысы Мұхамғали Арысбаев.
Арысбаевтың айтуынша, облыстағы елді мекендер аурудың таралуына дайын болуы керек. Оның айтуынша, Ақжайықтағы аурухана "төтенше жағдайға" дайын.
- Жергілікті жұқпалы ауру ауруханасының ғимаратында барлық жағдай жасалған... Корпус бокстарға бөлінген, әрбір боксқа жедел жәрдем көлігі кіре алады. Әрбір бокстың палаталары мен жеке санитарлық торабы бар, көшеге шығатын жолы бар, олар бір-бірінен алшақ орналасқан, - деді Теректі ауруханасының бас дәрігері Бекзат Құбаев.
Кездесу шамамен екі сағатқа созылды. Кейбір ауыл тұрғындары кездесуде пікірлері ескерілмегенін айтты.
- Егер билік бізді естімесе, біздің пікірлерімізбен санасқысы келмесе, не істеу керектігін білмейміз. Коронавирус жұқтырған адамдарды мұнда әкелуге түбегейлі қарсымыз, - деді тұрғындардың бірі Дарзан Қайырғазиев.
Ақпан айының соңында Шығыс Қазақстан облысында Қытаймен шекаралас бірқатар елді мекен тұрғындары аймақта карантиндік блоктардың ашылуына қарсылық білдірген еді.
Оқи отырыңыз: Тұрғындарды мазалаған коронавирус пен облыс әкімінің уәдесі
Қазақстан билігі елде коронавирус табылмағанын айтады. Елдің бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин апта басында жақын арада коронавирус табылуы мүмкін екенін ескерткен.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 11 наурызда жаңа коронавирусты "пандемия" деп атады. Әлемде вирусты жұқтырғандар саны 122 мыңнан асқан. 4,3 мың адам көз жұмған.
ПІКІРЛЕР