Accessibility links

"Алаяқтық" бойынша күдікке ілінген Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары ұсталды


Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Руслан Ондасын (сол жақта) мен Ақтөбе облысы әкімі Оңдасын Оразалин (ортада) жиында отыр.
Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Руслан Ондасын (сол жақта) мен Ақтөбе облысы әкімі Оңдасын Оразалин (ортада) жиында отыр.

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Руслан Мамуновтың үстінен "алаяқтық" дерегімен іс қозғалды. Қазір ол Нұр-Сұлтан қаласындағы тергеу изоляторында отыр. Бұл туралы 12 наурызда Ақтөбе облысы бойынша жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Ғалымбек Досанов хабарлады.

Досановтың сөзінше, Руслан Мамуновтың үстінен қозғалған қылмыстық іспен сыбайлас жемқорлыққа қатысты іс-қимыл агенттігі айналысып жатыр. Сондықтан Ақтөбедегі департамент "істің мән-жайына қанық емес".

"Мамунов "алаяқтық" дерегімен қамалды. Алған ақшасы өте үлкен көлемде" деді Ғалымбек Досанов 12 наурыз күнгі баспасөз мәслихатында.

Руслан Мамуновтың "алаяқтық" күдігімен қамауға алынғанын Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі де растады. Әкімдіктің мәліметінше, қылмыстық іс осыдан 4 жыл бұрынғы дерек бойынша қозғалған.

"Мамуновқа тағылған айып оның Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары болған кезеңімен байланысты емес" деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.

Руслан Мамунов Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары болып 2019 жылғы қараша айында тағайындалған.

Қазақстанда жемқорлық және ақша жымқыру айыбымен шенеуніктер жиі сотталады, алайда көп жағдайда олар амнистиямен босатылады. Қазір билік жемқорлықпен сотталғандарды шартты жазамен босатуға шектеу қою жағын қарастырып жатыр. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "орынбасарлары мен қол астындағылары ұсталса, басшысы жұмыстан кету туралы арыз жазуы тиіс" деген.

Transparency International ұйымының 2020 жылы жарияланған жемқорлық индексінде Қазақстан 180 елдің ішінде 113-орында (неғұрлым көп болса, соғұрлым нашар) тұр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG