13 наурызда денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Германиядан келген екі қазақстандықтан (бір әйел, бір ер адам) коронавирус табылды, олар карантиндік стационарға жатқызылды деп мәлімдеді.
- Олар Алматыда стационарға жатқызылды. Клиникалық белгілері жоқ, халі жақсы. Қажетті шаралардың барлығы қабылданып жатыр, - деді Елжан Біртанов.
Министрдің айтуынша, олар 9 және 12 наурызда ұшып келген. 12 наурызда ұшып келген жолаушылардың барлығы карантинге жіберілген. Ал 9 наурыз күнгі рейсте болған 73 жолаушыны тауып, карантинге жатқызу жағын қарастырып жатырмыз, олардың тізімі бізде бар деді министр. Жолаушылар 14 күн карантинде болмақ.
Оның айтуынша, Алматыдағы инфекциялық аурухана карантинге өтеді.
12 наурызда Қазақстан коронавирусқа байланысты қоғамдық шараларды өткізуге тыйым салған. 16 наурыздан бастап мектеп оқушыларының көктемгі демалысы бір апта ерте басталып, жоғары оқу орындары мен кәсіптік-техникалық білім беру мекемелері онлайн оқуға көшеді. Сауда орындарында кинотеатрлар жабылады. 20 наурыздан бастап мешіттерде жұма күнгі намаздың уақыты қысқарады.
Бұған дейін көп бағыт бойынша әуе рейсі қысқарған.
Наурыздың 11-і күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өткен жылдың соңында Қытайда тіркеліп, өзге елдерге тараған Covid-19 коронавирусын "пандемия" деп жариялады. Соңғы дерек бойынша, қазіргі дейін вирус 116 елге тарап, 128 мыңнан астам адамға жұққан. Бес мыңға жуық адам коронавирустан қаза болып, 68 мыңнан астам адам дерттен айыққан.
Видео: Коронавирустан сақтаныңыз. Қолды қалай жуу керек?
ПІКІРЛЕР