Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстанда тағы бір адамнан коронавирус табылғанын хабарлады.
"Италиядан келген бір науқастан коронавирус табылды. Ол әйел 12 наурызда Нұр-Сұлтанға Милан қаласынан ұшып келген. Арнайы алгоритмге сәйкес ол әуежайдан карантинге бірден орналастырылды" деді Біртанов.
Ұшақ бортында болған 90 жолаушының барлығы да карантинге жіберілген.
13 наурызда түстен кейін Қазақстанда Германиядан келген екі азаматқа коронавирус жұққаны анықталған еді. Екеуі де - Қазақстан азаматы. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, олар Алматыдағы инфекциялық ауруханаға жатқызылған. Олардың жанында болған шамамен 80-нен астам жолаушы да карантинге жіберіледі. Министр олардың жағдайын жақсы деп бағалады. Осылайша Қазақстанда коронавирус жұқтырған адамдар саны үшке жетті.
Оқи отырыңыз: Covid-19 Қазақстанға да келді. Екі адамнан коронавирус табылды
Соңғы дерек бойынша, әлемде Covid-19 коронавирусы 134 мыңнан астам адамға жұққан. Қаза болғандар саны төрт мыңнан асып кетті. Вирус 110-нан астам елден табылды. 68 мыңға жуық адам дерттен сауыққан.
ПІКІРЛЕР