Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына 19 наурыздан бастап қосымша шектеу, алдын алу және эпидемияға қарсы шаралар енгізіледі. Бұл ақпаратты primeminister.kz сайты жариялады.
Сайт жазуынша, бүгін түстен кейін премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен Қазақстан президенті жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өткен.
Комиссия шешімі бойынша, 19 наурызда сағат 00:00-де енгізілетін шаралар мыналарды қамтиды:
- карантин кезінде санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды жүзеге асыру;
- карантин аймағының периметрін белгілеу және оған кіріп-шығу пункттерін анықтау;
- адамдардың қозғалысын, сондай-ақ көліктердің кіріп-шығуын шектеу;
- ауруды жұқтырғандардың, вирус жұқтыруы күдігіне ілінгендердің, карантиндегілердің жағдайы үшін аурухана, емдеу мекемелерінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
- халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуді ұйымдастыру және азаматтардың қозғалысын шектеу үшін қала аумағының секторларын және олардың шекараларын анықтау;
- қоғамдық көлік қозғалысын күндізгі уақытта тоқтата тұру не шектеу және түнгі уақытта тоқтату;
- азық-түлік сатпайтын сауда базарларының жұмысын, ірі сауда-ойын сауық орталықтары мен сауда үйлерінің жұмысын уақытша тоқтата тұру (Азық-түлік сататын орындар мен дәріханалардың жұмысы жалғаса береді).
- санитариялық-эпидемияға қарсы шараларды күшейту және «тамақтарды сатып алушыларға жеткізу» жүйесі бойынша қоғамдық тамақтану нысандарының жаңа жұмыс режимін белгілеу;
- Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс режимін қайта ұйымдастыру;
- карантиндік аймақтардағы халықтың және әрбір сектордың азық-түлік өнімдеріне, дәрі-дәрмектерге, өмірге ең қажетті тауарларға тәулік сайынғы қажеттілігін анықтау;
- карантиндік аймақтың әрбір секторы үшін қоғамдық көлік қозғалысын барынша шектеуді ескере отырып, сауда және азық-түлікпен әрі ең қажетті тауарларымен қамтамасыз ету орталықтарын анықтау;
Үкімет шешімі жарияланған соң бір сағат өте Алматы қаласының әкімі, Қазақстан президенті жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі Бақытжан Сағынтаев БАҚ арқылы Алматы тұрғындарына үндеу жасады. Ол Алматыда карантин қалай жұмыс істейтінін түсіндірді.
Сағынтаевтың сөзінше, қала көшелері мен тротуарлар, қоғамдық орындар мен тұрғын үйлер дезинфекциялаланады; Алматы аумағына адамдардың және көліктердің кіріп-шығуы шектеледі; қаланың кіре-берісіне 27 блок бекет орнатылып, оны полиция мен ұлттық ұлан күзетеді.
Қазақстанда 17 наурызда коронавирус жұқтырғандар саны 32 адамға жетті. Коронавирус жұқтырғандар Алматы қаласында 15 адам, Нұр-Сұлтан қаласында 17 адам болды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты Қазақстанның барлық аумағына 2020 жылдың 16 наурыз сағат 8.00-ден бастап, 2020 жылдың 15 сәуір сағат 7.00-ге дейін төтенше жағдай енгізген.
ПІКІРЛЕР