Ақтөбе қаласы мамандандырылған әкімшілік соты 1 наурыз күні билікке қарсы митингіге қатысқан жеті белсендіні жазаланды. Сот оларды Ақтөбе облысы әкімдігі алдында «полицияның заңды талабына бағынбағаны үшін» жазалаған. Шешім 18 наурызда шықты. Бұл туралы Азаттыққа Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Соттың мәліметінше, әкімшілік жауапкершілікке тартылған жеті адамның бірі - Сағындық Бекеев бес тәулікке қамалған.
- 28 жастағы Сағындық Бекеев Ақтөбе облыстық әкімдігі алдында қызметтік міндетін атқарып жүрген полицейлердің заңды талабына бағынбаған. Бекеев мұндай құқық бұзушылықты бір жыл ішінде екінші рет қайталағаны үшін бес тәулікке қамалды, - деп хабарлайды Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі.
Ақтөбе облысы «1 наурыз күні әкімдік алдында полицияның заңды талабына» бағынбаған Рүстем Струковке, Майра Иманғалиеваға, Айнагүл Бекмұқановаға, Мұрат Қаболдинге, Жұмабек Әбиевке ескерту берді.
- Сот ескерту берумен шектелді. Шешіммен келіскенде де, келіспегенде де болар іс болды. Сондықтан апелляциялық алқаға шағым түсіретіндей ойым жоқ, - деді Азаттыққа белсенді Айнагүл Бекмұқанова.
Белсенді Бекмұқанова Азаттық тілшісінің «полицияның заңды талабына бағынбағаныңыз рас па?» деген сауалына «бағындым, бағынбасам көліктеріне тиеп әкетер ме еді?» деп жауап берді.
1 наурызда Қазақстанның бірнеше қаласында белсенділер билікке қарсы ұйымдастырмақ болған митинг орнына жақындағандарды полиция жаппай алып кеткен.
ІІМ дерегінше, 1 наурыздағы митингіде ел бойынша 80 адам ұсталып, 4 адам қамалғанын хабарлаған. Бірақ Азаттық тілшілері мен құқық қорғаушылары бұл күні полицияның жүзден астам адамды ұстағанын байқаған.
ПІКІРЛЕР