Accessibility links

Абаев: Бір күнде "карантин режимін бұзған" 138 адам жауапқа тартылды


Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев.

26 наурызда ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев кейінгі бір күнде Қазақстанда "карантин режимін бұзған" 138 адам әкімшілік жазаға тартылды, 89-ы әкімшілік қамауға алынды деп мәлімдеді.

Төтенше жағдай жарияланған уақыттан бері елде маска мен антисептикті қымбат бағамен сату фактілері бойынша 15 қылмыстық іс (214-бап, "Заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу") қозғалған. 40 адам жауапқа тартылған.

Дәурен Абаев 26 наурыз күнгі брифинг кезінде төтенше жағдайға байланысты жұмыссыз қалған немесе ақысыз демалысқа кеткен адамдарға төленетін әлеуметтік көмек туралы да айтты. Сөзінше, төтенше жағдайға байланысты ақысыз демалысқа кеткендерге ең төменгі жалақы - 42 мың теңге көлемінде ақша төленеді. Ол үшін жұмыс беруші өз аумағындағы еңбекпен қамту бөліміне өтініш түсіруі тиіс.

Министрдің айтуынша, жұмыстан шығып қалғандарға айлығының 40 пайызы көлемінде бір ай мен алты ай аралығында қаржылай көмек беріледі. Ол үшін онлайн түрде еңбекпен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп, өтініш түсіруі керек. Ол 26 наурызда еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бұйрығы шығатынын, онда әлеуметтік көмекті беру шарттары толық жазылатынын айтты.

Қазақстанда коронавирусқа байланысты 16 наурызда төтенше жағдай жарияланған. Коронавирус көп табылған Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында 19 наурыздан бастап карантин жарияланды.

Соңғы дерек бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар 109-ға жетті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG