Accessibility links

Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкентте жұрттың сыртқа шығуына шектеу қойылмақ


Алматы шетіндегі блокпост. 24 наурыз 2020 жыл.
Алматы шетіндегі блокпост. 24 наурыз 2020 жыл.

Қазақстандағы төтенше жағдай бойынша мемлекеттік комиссия Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкентте 28 наурыздан бастап шектеулерді күшейтті.

  • Енді үш қаладағы жұрт жұмысқа, азық-түлік және дәрі алуға ғана шыға алады.
  • Парк, жаяу жүргіншілер көшесі, жағалаулар, ойын алаңдары жабылады.
  • Қоғамдық көліктердің жұмысы шектеле бастайды.
  • Қоғамдық орындарда үш адамнан артық жиналуға болмайды. Бұл шектеудің бір отбасының адамдарына қатысы жоқ.
  • Балалар ересектерсіз көшеге шығуға тыйым салынады.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев "бұл - комендант сағаты емес" деді.

26 наурыз 16:30-дағы дерек бойынша, бұл күні Қазақстанда 28 адамнан вирус табылды. Оның барлығы Алматы мен Нұр-Сұлтанда.

Елде 13 наурыздан бері 109 адамға вирус жұққаны анықталды: Алматыда - 40 адам, Нұр-Сұлтанда - 61 адам, Қарағандыда - екі адам, Шымкентте - екі адам, Алматы облысында - бір адам, Ақтөбе облысында - бір адам, Жамбыл облысында - бір адам, Солтүстік Қазақстан облысында бір адам.

25 наурызда Алматыда бір, Нұр-Сұлтанда бір науқас дертінен айыққаны хабарланды.

Шымкентте коронавирус жұқтырғандар – шешесі мен баласы. 24 жастағы ер адам Шымкентке Нұр-Сұлтаннан автобуспен келген. Онымен бірге автобуста болған 51 адамның көбі оқшауланды. Дертке шалдыққан екі адам тұратын Абай ауданындағы “Тәуелсіздікке 20 жыл” тұрғын үй массиві де оқшауланды.

Қазақстанда коронавирусқа байланысты 15 сәуірге дейін төтенше жағдай. 19 наурыздан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары карантинге көшті. Сауда және ойын-сауық орталықтары, тамақтан басқа зат сататын дүкендер мен сауда орындарының, қызмет көрсету орындарының жұмысы тоқтатылды. Карантин режимі кезінде қоғамдық тамақтандыру орындары мен мейрамханалар тұтынушыға ас-суды үйіне жеткізіп береді. 22 наурыздан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласына темір жол және ішкі рейстер тоқтады.

Шымкентте де 28 наурыздан бастап қаладағы әуежай, автовокзал, теміржол возкалы, балабақшалар жұмысы тоқтайды.

Карантин жарияланбаған аймақтардағы сауда орталықтары, базарлар мен қызмет көрсету орындары жұмыс істей береді.

Өткен жылдың соңында Қытайда алғаш рет тіркелгелі бері әлемде коронавирус 480 мыңнан астам адамға жұқты. Содан бері 21 мыңнан аса адам қаза болып, 115 мыңнан астам науқас дерттен айықты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Covid-19 коронавирусын "пандемия" деп жариялаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG