Кәрішал Асанов 2015 жылы 26 наурызда Алматыда дүниеден өтті. Қайтыс боларынан бірнеше күн бұрын, наурыздың 10-ына Асанов демократияны дамытуға қосқан үлесі үшін Қазақстан оппозициялық ұйымдарының «Еркіндік» сыйлығын алды.
Кәрішал Асанов Нұрсұлтан Назарбаевты көп жыл ашық сынады. Жақындары мен достары Асановтың саяси жүйеге қарсы сыни көзқарасы өзгермегенін айтады.
Кәрішал Асанов — ондаған кітаптың авторы. Оның біразын өзі басып шығарды. 1993 жылы қуғынға ұшыраған жазушылар мен журналистерге берілетін халықаралық Хеллман-Хэммет сыйлығын алды.
СТАЛИННЕН ГОРБАЧЕВҚА ДЕЙІН
Кәрішал Асанов 1935 жылы 12 желтоқсанда Талдықорғанда дүниеге келген. Ата-анасы совет билігі жаңа орнаған жылдары шаңырақ көтерген, қарапайым еңбек адамдары.
Өзінің айтуынша, әкесі белсенділігі мен көп алдында іркілмейтін қабілетінің арқасында коммунистік партияға өтіп, жергілікті басшылардың бірі болған. Бірақ 1930-жылдардың ортасында «ұлтшыл» деген айыппен партиядан шығарылған. Денсаулығы жарамай, қуғын-сүргіннен аман қалғанымен, сұм ажалдың тырнағынан құтыла алмай, 1951 жылдың қазан айында өмірден озған. Әкесінің қазасынан екі жыл бұрын Кәрішал анасынан айырылған. Ол әкесі дүние салардан аз уақыт бұрын ауыл мектебіне орыс тілі пәнінің мұғалімі боп жұмысқа тұрған.
Кәрішал Асанов 2002 жылы өзімен сапарлас болған Азаттық тілшісіне өз өмірі жайлы әңгімелеген еді. Асановтың Семейге барып, шетелде қуғында жүрген Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі, сол кездегі оппозициялық «Қазақстан республикалық халық партиясының» негізін салушы Әкежан Қажыгелдиннің ата-анасымен кездескен сәті болатын.
Кәрішал Асанов сапар барысында студенттік жылдарын да әңгімеледі. 1952 жылы Алматыдағы институттардың біріне оқуға түскен ол бірінші курста жүріп қарт профессорлардың бірінен «Неге 19-съездің қорытынды есебін Сталин жасамады?» деп сұраған. Профессор сол түні дүние салыпты. Ал институтта бірінші курс студенті Асанов «Сталин туралы сұрақ қойып, профессорды өлтіріп қойды» деген қауесет тараған.
Көсемнің өзі өлгенімен, ол құрған тоталитарлық механизмнің жұмысы тоқтамады. Биліктің ұстанымына қайшы көзқарастағы азаматтарға қысым жалғаса берді. Кәрішал Асанов Хрущевтің тұсында екі рет қысымға түсті.
Асанов төртінші курста оқып жүрген кезінде институт басшылығының қырына бірінші рет іліккен. Естеліктерінде оқытушыдан «1956 жылы венгерлердің Совет одағын қолдайтын режимге қарсы қарулы көтеріліске шығуына не себеп болды?» деген сұрағы үшін оқудан шығарылғанын жазады. Асанов бір жылдан соң оқуына қайта оралған.
Кәрішал Асанов екінші рет «партиялық-саяси» тұзаққа түскен. 1962 жылы кіші ғылыми қызметкер боп істейтін Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында азық-түлік бағасының қымбаттауына байланысты партия жиыны өткен. Осы жиында Асанов үкімет шешімін қолдамайтынын, азық-түлік бағасы шарықтаса, отбасында қаржылық қиындық туатынын айтқан. Ол «20 жылдан кейін коммунизм құрылады» деп алып, азық-түлік бағасын өсірген Никита Хрущевті де сынаған.
Бұл қылығы үшін Асанов партиядан сөгіс алмаған. Бір қарағанда, оның «партияға қарсы» әрекетінің салдары болмағандай көрінеді. Бірақ бұл жағдай Асановтың әрі қарайғы тағдырына әсер еткені байқалады. Осыдан соң билікте Кәрішал Асановты жақтырмайтындар көбейіп, олар Асановты қоғамнан аластауға тырысты.
Қайта құру басталғанда институтта оқытушы боп істеп жүрген Асанов СССР коммунистік партиясы орталық комитетінің бас хатшысы Михаил Горбачевқа Қазақстандағы саяси жағдай туралы хат жазған. Асанов өз естеліктерінде жеті айдан кейін Мәскеуден шақырту алғанын, коммунистік партия орталық комитетінің хатшысы Георгий Разумовский мен орталық комитеттегі ұйымдастыру бөлімі төрағасының бірінші орынбасары Константин Могильниченкомен кездескенін жазады. Асановтың сөзінше, оны Орталық комитет аппаратына жұмысқа шақырмақ болған. Әңгіме барысында ұлт мәселесі қозғалғанда, Асанов Қазақстан компартиясы орталық комитетіндегі алты хатшының екеуі ғана қазақ, ал туған облысындағы басшылардың бәрі дерлік орыс екенін айтқан. Осыдан кейін Асановтың Мәскеудегі орталық комитетке жолы жабылған.
Жарты жылдан кейін 1986 жылы қазақ жастары советтік Қазақстанның басшысы қызметіне Кремль ұсынған Геннадий Колбинді тағайындау туралы шешімге қарсылық білдіріп, алаңға шықты.
Асанов коммунистік партия құрамында болғанына қарамастан, совет билігін жеккөрді. Желтоқсан оқиғасынан бір жарым жылдан кейін «Казахстанская правда» газетінде «Халықтың достығы мен бірлігі нығаюы керек» деген мақала шықты. Материал Мәскеудің «еңбек адамдарын ұлтаралық және патриоттық тәрбиелеу» туралы қаулысы талқыланған Қазақстан компартиясы орталық комитеті пленумының нәтижесінде жарияланған. Мақалада Кәрішал Асановтың да аты аталады.
Материалда «Адамдармен жұмыс қайта құрудың демократиялық рухқа қайшы келетін ұжымдық әдістерінің негізінде құрылады. Жалпы алғанда қоғамға пайдалы пікірлер айтатын саналы адамдар көбіне ойын белгіленген қалыптан тыс, ерекше жолмен жеткізеді. Біреу оның ойларының пайдалы тұсын алып, күрішті күрмектен ажыратып жатады дейсіз бе? Мүлде олай емес. Қалағанымыздай сөйлемеген адамның ешбір ұсынысы қабылданбай, оған «диссидент» пен «экстремист» деген айып тағылады. Мәселен, Қазақ мемлекеттік университетінің оқытушысы, айналасындағы олқылықтарға көз жұмып қарай алмайтын, әртүрлі кері құбылыстарға қарсы күресіп жүрген Кәрішал Асанов осындай жағдайға тап болды. Асановты тыңдап, көтерген мәселесіне құлақ асудың орнына оны жалақор, қайта құруға қарсы адам ретінде көрсетуге тырысты» делінген.
ПОСТСОВЕТТІК ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ДИССИДЕНТ СОТЫ
Тәуелсіз Қазақстанда Кәрішал Асанов негізінен Нұрсұлтан Назарбаевқа қарсы болды. Ол «режим тоталитарлық сипатта қалды, билік жемқор жүйеге айналды» деп есептеді.
Назарбаев мұндай сынды ұнатпайтынын қоғам алдында ашық білдірген емес. Бірақ Асанов «президенттің абыройы мен беделіне нұқсан келтірді» деген айыппен екі рет қылмыстық жауапкершілікке тартылты.
Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюро қызметкері, журналист Андрей Свиридовтың пікірінше, Кәрішал Асанов қазақстандық құқық қорғаушылар, оппозиция мен журналистер қауымдастығының арасында аңызға айналған адамның бірі.
Свиридовтың айтуынша, Асанов 1991 жылдың тамыз-желтоқсан айларында жазған «Тәуелсіздік елесі» атты кітабын Қазақстанда басып шығару мүмкіндігі болмай, 1992 жылы Мәскеуде жариялаған. Мәскеуден шығатын «Хақ» газетінің сол кездегі редакторы, ақын және диссидент Арон Атабек (полиция қызметкерінің қазасына әкеп соққан Шаңырақ оқиғасын ұйымдастырды деген айыппен 2006 жылы 18 жылға сотталған) автордың рұқсатымен кітаптың «Президенттің күлкісіне сенбе» деп аталатын бөлімін жариялаған.
— Осы үшін Қазақстанда бірінші Арон Атабекке, кейіннен Асановқа қарсы қылмыстық іс қозғалды. Арон Бакуге көшіп, қазақстандық тергеушілердің қолына түспеді. Асановты 1992 жылы 19 тамызда Қазақстан президентінің абыройы мен беделіне нұқсан келтірді деген айыппен тұтқындады. Ол жаңа мемлекет тарихында аталған бап бойынша жауапқа тартылған бірінші адам болды, — дейді Андрей Свиридов.
Бірінші сот отырысында Асанов ешқайда кетпеу туралы қолхатпен сот залынан босап шықты. «Айыпталушы шабуылшының тактикасын қолданды», - дейді Андрей Свиридов. Асанов бір жылға бас бостандығынан айырылып, Қазақстан тәуелсіздігінің бір жылдығына орай рақымшылыққа ілінді.
— Жеті жылдан кейін, 2000 жылдың жазында «СолДАТ» газетінде Кәрішал Асановтың «Желтоқсаншылар Назарбаевты кінәлайды» (болашақ президенттің 1986 жылғы оқиғаға қатысы туралы) және «Ғаламдық деңгейдегі жұмысшы» (Назарбаевтың саяси өмірбаянына берілген баға) деген екі мақаласы жарық көрді. Осы мақала негізінде «президенттің абыройы мен беделіне нұқсан келтіру» бабы бойынша автор Кәрішал Асанов пен газет редакторы Ермұрат Бапидің үстінен қылмыстық іс қозғалды, — дейді Свиридов.
2001 жылы «СолДАТ» газетінің редакторы Ермұрат Бапи бір жылға бас бостандығынан айырылып, Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай рақымшылыққа ілінді. Кәрішал Асанов мақаласынан қылмыс құрамы табылмауына байланысты ақталды.
Андрей Свиридовтың айтуынша, Кәрішал Асанов – аталған бап бойынша екі рет жауапкершілікке тартылған жалғыз адам.
Ермұрат Бапи өздеріне берілген «жеңіл жазаны» АҚШ-та Қазақстан билігінің америкалық компаниялардан мұнай өндіруге рұқсат бергені үшін пара алғаны туралы «Қазақгейт» процесінің жүруімен байланыстырады.
— Мәселеге басқа қырынан қарағанда, АҚШ Қазақстанды Орталық Азиядағы демократиялық орталыққа айналдыру туралы үмітінен бас тартқан жоқ. Бізді демократтар мен республикашыл конгрессмендер қолдады. Сот процесі жүріп жатқан кезде Орталық Азия елдерін аралап жүрген АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Мадлен Олбрайт Астанаға келді. Ол президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесу барысында тәуелсіз журналистер мен басылымның жауапқа тартылып жатқанына алаңдаушылық білдірді. Бұған жол бермеу керегін айтты, — дейді Ермұрат Бапи.
Бапи бес жылға журналистік қызметінен шеттетілді.
— Газетке Кәрішал Асановтың мақаласын жариялағаным үшін сотқа тартылғаныма өкінбеймін. Керісінше, осы соттан кейін оны бұрынғыдан да қатты құрметтей бастадым, — дейді Бапи.
ИДЕЯЛЫҚ ЭВОЛЮЦИЯ ЖӘНЕ ДИССИДЕНТ ІСІНЕ АДАЛДЫҚ
Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары Кәрішал Асанов басқа шығармашылық интеллигенция өкілдері мен бұрынғы партия басшылары сияқты өзін совет одағы мен коммунизмге қарсы адам етіп көрсетуге тырысқан жоқ. Тек кейде марксистік атеизмді сынап, Қазан төңкерісінің жетекшілері туралы кері пікір айтып жүрді.
Кәрішал Асанов экономикалық мәселеге келгенде, билік пен олигархтар ұрлаған ақша қазынаға қайтарылуы керек деген позицияны ұстанатын.
— Бұл әділдік болар еді. Заңдар әділ болуы керек. Заң биліктен жоғары болуы керек. Өйткені халық заң бойынша тыйым салынбаған нәрсенің бәрін, ал билік заңда көрсетілген дүниелерді ғана істей алады. Осы мақсатқа жету үшін «Әділет партиясын» құрғым келеді. Осындай партия құрсам, соңымнан бүкіл халық берер еді. Сенген адамдарым осыны түсінбейді, демеуші болғысы келмейді,— дейтін Кәрішал Асанов.
Асанов президент сайлауына қатысып көрмек болды. Назарбаевты отставкаға кетіп, 1999 жылдың 10 қаңтарында өткен кезектен тыс президент сайлауына қатыспауға шақырды. Орталық сайлау комиссиясынан Назарбаевты үміткер ретінде тіркемеуді талап етті. Бірақ Назарбаев та сайлаудан бас тартпады, Орталық сайлау комиссиясы да Асановтың талабына құлақ асқан жоқ. 1998 жылы 30 қарашада Асанов кандидаттар қатарынан шықты.
Кәрішал Асанов өзі партия құра алмады. Оған ақшасы жетпеді. Ол 2005 жылы құрылған, биліктен оппозицияға өткен Жармахан Тұяқбай басқаратын «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының жетекшілері қатарына кірген жоқ. Асанов сын-пікірді көтере алмай, өзін түрмеге жабуға тырысқан билікке қарсы жалғыз қалды. Оппозиция мен олигархтар Асановты қолдаған жоқ. Өмірінің соңғы жылдарында Асанов сырқаттанып, жұрт алдына шықпай қалды. Досы Ғазиз Алдамжаров Кәрішал Асановты өмірінің соңына дейін Нұрсұлтан Назарбаевты сынап өтті және онысына өкінбеген адам деп сипаттайды.
ПІКІРЛЕР