Денсаулық сақтау министрлігінің 28 наурыз 15:00-дегі дерегі бойынша, Қазақстанда тағы бір науқас дертінен айықты. Елде қазір барлығы 15 адам Covid-19 ауруынан жазылды. Олардың 13-і - Нұр-Сұлтанда, екеуі Алматыда.
Қазақстанда 28 наурыз 14:00-ге дейін 54 адамнан вирус табылғаны белгілі болды. Нұр-Сұлтанда - 42 адам, Алматыда - 3 адам, Шығыс Қазақстан облысында - 2 адам, Ақмола облысында - 2 адам, Алматы облысында - 3 адам, Қызылорда облысында - 1 адам, Атырау облысында 1 адам вирус жұқтырған.
Семейде вирус табылған екі адам Египеттің Шарм-әл-Шейх қаласынан келген. Олар Семейге Алматыдан жеке көліктерімен келген. Ал Алматы облысында вирус жұқтырған үш адамның біреуі – аяғы ауыр әйел. Екіншісі Оңтүстік Кореядан келген. Үшіншісі – 1957 жылғы әйел, Іле аудандық провизорлық ауруханасында жатқан. Ол Қосшы ауылында 26 наурызда коронавирустан қайтыс болған 64 жастағы әйел адаммен бірге Алматыда құдалықта болған.
Қазақстанда коронавирусқа байланысты 15 сәуірге дейін төтенше жағдай. 28 наурыздан бастап Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында сақтық шаралары күшейтілді. Бұл қалаларда жұрт тек тамақ, дәрі алуға және жұмысқа шыға алады. Ал 30 наурыздан – 5 сәуір аралығында Нұр-Сұлтанда демалыс жарияланды. Бұл аралықта қалада қоғамдық көлік жүрмейді. Тек дәрігерлер, полицейлер, орган қызметкерлері мен коммуналдық қызмет өкілдері ғана жұмысқа шығады.
Қазір елде барлығы 204 адамнан вирус табылды:
- Нұр-Сұлтанда - 117 адам
- Алматыда - 58 адам
- Қарағандыда - 4 адам
- Жамбыл облысында - 3 адам
- Атырау облысында - 4 адам
- Ақмола облысында - 5 адам
- Шымкентте - 2 адам
- Шығыс Қазақстан облысында - 2 адам
- Алматы - облысында - 4 адам
- Ақтөбе облысында - 1 адам
- Солтүстік Қазақстан облысында - 1 адам
- Павлодар облысында - 1 адам
- Маңғыстау облысында - 1 адам
- Қызылорда облысында - 1 адам.
ПІКІРЛЕР