Accessibility links

Қытайда коронавирустың екінші толқыны басталады деген қауіп бар


Пекиннің орталық көшесінде жүрген тұрғындар. 25 наурыз 2020 жыл.
Пекиннің орталық көшесінде жүрген тұрғындар. 25 наурыз 2020 жыл.

Коронавирус дерті басталған елде аурудың екінші толқыны жүруі мүмкін деген үрейлі, бірақ болжамды растайтын белгілер байқалады, ал Азия елдері әлемдік пандемияға қарсы күресте алаңдататын тенденциялардан секем алып отыр.

Қытайдың ресми статистикасына қарағанда соңғы аптада індетті сырттан алып келгендердің саны ел ішінде жұқтырғандардан басым екені аңғарылған. Аурудың ел ішінде адамнан адамға жұққаны бірнеше күннен бері тіркелмеген.

Қытай билігі «ел ішінде жұқпалы аурудың таралу фактісі тіркелген жоқ» деп жариялаған наурыздың 19-ынан бері коронавирус шетелден келгендерден табылып жатыр, бірақ күніне анықталғандар саны 100-ден аспайды. Әлемдегі халық саны жөнінен бірінші орын алатын елде коронавирус індеті былтыр желтоқсанда шыққан.

Алайда, Қытай тіпті елде тұруға ықтиярхаты бар шетелдіктердің өзін кіргізбеу туралы шешім шығарғаннан үш күн өткен соң, 26 наурызда індеттің ел ішіндегі адамнан адамға жұғу фактісі тіркелді.

Коронавирус былтыр Қытайда шамамен қарашада алғаш аңнан адамға жұғып, жаппай тарала бастаған. Содан бері дертті жұқтырғандар 700 мыңнан асты, ал АҚШ пен Италия індет меңдегендер көрсеткіші бойынша Қытайдан асып кетті.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) және инфекциялық аурулар бойынша сарапшылар Қытай мен өзге де елдер індеттің жергілікті жерде қайта таралуына аса сақ болуы керек деп ескертумен келеді. Жағдай тез арада бақылаудан шығып кетуі мүмкін деп болжайтындар бар.

«МЕДИЦИНАЛЫҚ ЕМЕС, САЯСИ ЕМДЕУ»

Қытайдың ресми статистикасының күмәнділігі де қауіпті күшейте түседі. Десе де, ақпандағы БҰҰ мен Қытайдың бірлескен эпидемиологиялық миссиясы келгенде ел басшылығы «сандардың бәрі шынайы» деп сендіруге тырысқан.

Осы айда жария болған кей ақпаратқа сенсек, елде «коронавирус жұқтырдым» деп қауіп еткендерден анализ алмау арқылы ауырғандар санын әдейі азайтып көрсетуге тырысу бар сияқты.

Наурыздың 23-інде Гонконгтың қоғамдық телеарнасы Қытайда вирустың ошағы болған Ухань қаласындағы жергілікті еріктінің сөзін жариялады. Оның айтуынша, аурухана қызметкерлері ағзасында коронавирус болуы мүмкін адамдарды тексеруден бас тартып, қайтарып отырған, сондықтан ол «адамдар медициналық жолмен емес, саяси жолмен емделіп жатыр» деп санайды.

South China Morning Post басылымы наурыздың басында Уханьда COVID-19-дан емделетін уақытша орталықта бес күн жатып, «дерттен айықты» деп шығарылған ер адамның үйінде қайтыс болғаны туралы жазды.

Маска таққан жолаушылар метрода күтіп тұр. Ухань, 28 наурыз 2020 жыл.
Маска таққан жолаушылар метрода күтіп тұр. Ухань, 28 наурыз 2020 жыл.

Қытайдың коммунистік басшылығы медиа мен интернетке қатаң бақылау орнатуымен әйгілі, оның үстіне пандемия басталған кезде дабыл қаққан дәрігерлер мен басқа да азаматтар түрмеге қамалып, қудаланған.

Қытайдың ресми органдары қаңтар айында жаңа індетке жұрттың назарын аудартуға тырысқан дәрігердің сөзін елемегені үшін одан кешірім сұрауға мәжбүр болған. Алғаш болып дабыл қаққан дәрігердің өзі ақыры коронавирустан көз жұмған. Қытай басшылығы дертпен күрес шараларын сынға алған тағы бір адамды қудалап жатыр деп айыпталды.

Наурыздың 26-сында Азат Азия радиосы Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің COVID-19 індетін тоқтатуға байланысты саясатын өткір сынаған жылжымайтын мүлік саласының магнаты Рен Чжицянның үстінен іс қозғалғаны туралы хабарлады.

ЖАБЫЛҒАН ШЕКАРА

Індеттің қайта таралуынан қауіп еткен ДДСҰ өткен айда Қытайға қатысы бар баяндама жасап, ел басшылығын «аурудың таралуын шектеу стратегиясының басты тетіктері алынып тасталғандықтан COVID-19-ды жаңа жұқтырғандар мен оның таралу ошақтарын ашық мойындап, бірден әрекет етуге» шақырды.

Осы аптада Қытай басшылығы Ухань қаласы орналасқан Хубей аймағында дүкендерді қайта ашып, шектеулерді алып тастағанымен, індеттің екінші рет таралуына қарсы шараларды қолға алып жатырмыз деп сендіріп отыр.

Наурыздың 26-сында Қытай тіпті ықтиярхаты бар шетелдіктердің елге кіруіне тыйым салып, бұдан былай коронавирус қаупі сырттан төніп тұр деген ұстанымда екенін аңғартты.

Сол күні АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйдегі баспасөз мәслихатында «инфекция жұқтырғандардың саны жөніндегі ақпаратты бұрмалап я жасырып отыр» деп Қытайды айыптаған. Бірнеше сағаттан соң ол Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен сөйлесті.

Дональд Трамп пен Си Цзиньпиннің Жапониядағы кездесуі. 28 қараша 2019 жыл.
Дональд Трамп пен Си Цзиньпиннің Жапониядағы кездесуі. 28 қараша 2019 жыл.

Мемлекеттік ақпарат құралдары Си Цзиньпин Трампты вирус жайлы барлық мәліметті ашық жариялап отырғанына сендірді деп жазды.

Артынша Дональд Трамп Twitter парақшасында «Қытай көп сынақтан өтіп, вирусты жақсы түсіне бастады. Біз бірге жұмыс істеп жатырмыз. Оларға құрметім ерекше!» деп жазды. Осы жолы ол бұрынғы әдетіне басып, COVID-19-ды «Қытай вирусы» деп атамады, бұл атау – Пекиннің шамына тиетін теңеу.

Ал құрлықтағы Қытайдың бұған дейін вирустың бетін қайтарған жақын көршілері Гонконг пен Тайванда індет жұқтырғандар қайта көбейе бастады.

27 наурызда Қытайдың ерекше режимде басқарылатын аймағы – Гонконгта бір тәулікте дерт жұқтырғандар саны бойынша рекорд тіркелді, бұл- аймақ басшылығын қатаң шараларды қолға алуға мәжбүр етті, мұнда төрт адамнан артық жиналуға тыйым салынып, қоғамдық орындардың көбі жабылды.

Ал індеттің алғашқы толқыны кезінде жылдам да жан-жақты әрекет етіп, коронавирус жұқтырғандар санын 10 мың адамнан асырмай ұстап қалған Оңтүстік Корея басшылығы наурыздың 27-сінде жұрт көп жиналатын жерлерге бармауға қайта үндей бастады.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG