4 сәуірде Шымкенттегі "Халық банк" бөлімшелеріне 42 500 теңге көлемінде тағайындалған әлеуметтік көмекті алу үшін есепшот аштыруға ондаған адам жиналып, құжаттарын жедел рәсімдеуді талап етті. Жиналғандардың ішінде зейнеткерлермен бірге балалы әйелдер де бар.
Жалғызбасты ана Бибіайша Махамбетқызының айтуынша, «Север» сауда үйінде орналасқан "Халық банк" бөлімшесінің алдында кезек күтіп тұрғанына 2,5 сағат болған. Төтенше жағдай кезінде жұмысынан айрылған немесе ақысыз демалысқа жіберілген адамдарға 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік төлем төлейтінін естігеніне екі күн болған. Онлайн өтініш беру үшін банктен есепшот керек деген соң келген.
- Үш балам бар. Күйеуім қайтыс болған. Кіші қызыма бір жасқа дейін берілетін жәрдемақы аламыз. Басқа кіріс жоқ. Өзім тігінші болып жұмыс істедім. Жұмыс тоқтап қалған соң берілетін көмекті алайын деп құжаттарын дайындап жүрмін, - дейді Бибіайша Махамбетқызы.
Кезекке таласқан алпысқа жуық адамды тәртіпке шақыру үшін полиция қызметкерлері мен еріктілер және қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің өкілдері келді. Олар жиналғандарға арақашықтықты сақтамағандар әкімшілік жауапқа тартылатынын ескертті. Оған да құлақ аспаған соң сауда үйінен бір топ адамды шығарып ішке қоршау қойды.
Департамент өкілдері талапқа қарамастан адамдардың арақашықтық сақтамай жатқанын айтты.
Аты-жөнін айтудан бас тартқан "Халық банк" бөлімшесі басшысының сөзінше, таңертеңнен бері екі сағаттың ішінде бөлімше қызметкерлері елуден аса адамға қызмет көрсеткен. Басым бөлігі 42 500 теңге әлеуметтік көмекті алу үшін есепшот аштырып, карточка алу үшін келген. Арақашықтықты сақтау үшін арнайы белгілер қойылғанымен ережені сақтаудан бас тартып жатқандар көп.
3 сәуірден бастап Шымкенттегі банк бөлімшелері мен «Қазпоштада» адамдар топтап жинала бастаған. Олардың басым бөлігі - 42500 теңге көлемінде берілетін әлеуметтік көмекті алу үшін есепшот ашуға келгендер.
Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, 4 сәуір күні қалада короновирус жұқтырған бір адам тіркеліп, науқастар саны 12-ге жеткен. Короновирус анықталған 24 жастағы қыз Нұр-Сұлтан қаласынан келген. Қалада жүздеген адам оқшауланған, «Тәуелсіздікке 20 жыл» ауылы толық карантинде жатыр. Аурудың төрт ошағы анықталған. Қала аумағына 18 блокбекет қойылған.
4 сәуір кешкі сағат 21:00-ден бастап Шымкент қаласы толық карантинге жабылады. Арнайы рұқсат етілген адамдардан бөлек тұрғындардың бірде-біріне көшеге шығуға тыйым салынады.
Коронавируспен күрес жөніндегі штаб дерегінше, 4 сәуірге дейін 351 мыңнан астам адам 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік төлем алуға өтініш түсірген. Бұған дейін билік төтенше жағдай кезінде ақысыз демалысқа кеткен немесе жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған азаматтарға 42 500 теңге көлемінде қаржылай көмек беретінін айтқан еді.
Қарай отырыңыз: 42 500 теңгенің әуресі. Қазпошта мен банк алдындағы ұзын-сонар кезек (3 сәуір 2020 жыл).
ПІКІРЛЕР