Accessibility links

Үкібай: Назарбаевтың денсаулығында еш мәселе жоқ, алма, қызылша өндірісін талқылады


Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуге барған сәті. 10 наурыз 2020 жыл.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуге барған сәті. 10 наурыз 2020 жыл.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай өзінің жетекшісінің "денсаулығында еш мәселе жоғын" мәлімдеді.

Үкібай мемлекеттік "Қазинформ" агенттігіне "Назарбаевтың денсаулығы нашарлаған" деген сөзді "арандату және өтірік" деп атап, бұл әңгімені "елдің шырқын бұзғысы келетін жеке адамдар шығарып жүр" деді.

Үкібай "ел шырқын бұзғысы келіп жүрген адамдардың" аты-жөнін нақты атамады.

3 сәуірде Еуропада тұратын экс-банкир және оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов Facebook парақшасында “Ұлт көшбасшысы өлді” деп жазған. (“Ұлт көшбасшысы – Назарбаевқа заңмен бекітілген, оны кез келген қылмыстық қудалаудан, мүлкін тәркілеуден қорғайтын титулы – Ред.)

Айдос Үкібайдың сөзінше, Назарбаев 3 сәуірде облыс басшыларымен телефон арқылы тілдескен. Баспасөз хатшысының айтуынша, карантин кезінде Назарбаев жұмысқа бармайды. Үкібай карантин аяқталған соң Назарбаевтың қатысуымен өтетін жиындардың бірінен видео таратуға уәде берді.

Назарбаевтың ресми сайтында оның әкімдермен сөйлескені жайлы ақпарат архив фотомен жарияланды. Ақпаратта Назарбаев әкімдермен телефон арқылы “төтенше жағдай кезіндегі азық-түлік қауіпсіздігін” талқылағаны жазылған.

Сенбі, 4 сәуір күні Zakon.kz сайты Айдос Үкібайдың сөзіне сілтеме жасап, Назарбаевтың әкімдермен сөйлескені жайлы кеңірек ақпарат жариялады. Жаңалықта Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шүкеев Назарбаевқа “ерте піскен жемістердің жиналу жұмысы жайлы есеп бергені айтылады. Ал Алматы облысы әкімімен сөйлескенде “алматылық апортын қайта өсіру және қант қызылшасын өсіруді көбейту процесін талқылаған”.

Назарбаев 10-11 наурызда жұрт алдына шыққан. 10 наурызда ол Мәскеуге барып, Ресей президенті Владимир Путинмен кездескен. Ал 11 наурызда Мәскеу мемлекеттік университетін аралаған. Елде коронавирус табылғаннан кейін Назарбаевтың баспасөз қызметі оның Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевпен сөйлескені жайлы, коронавируспен күреске ақша бөлу туралы хабарларын және Наурыз мейрамымен құттықтауын суретсіз жариялады.

20 наурызда elbasy.kz сайтында Назарбаевтың қазақстандықтарға үндеуі шықты. Онда ол коронавируспен күреске қор құруды ұсынған. Осыдан кейін бұл қорға жұрттың ақша аудара бастағаны хабарланды. Оның арасында Назарбаевтың миллиардер қызы Динара Құлыбаева мен күйеубаласы Тимур Құлыбаев, ағасы Болат Назарбаев бар.

Қазақстанда отыз жылдай президент болған Назарбаев 2019 жылы наурызда өкілетін тоқтататынын мәлімдеген. Өз орнын сол кездегі сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырған. Бірақ “Нұр Отан” партиясының лидері және Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде биліктің бір тармағын ұстап қалған. Назарбаев президент болып тұрғанда “өзін сынағандарды қудалады, билігін асыра пайдаланды, сайлауды әділ өткізбеді” деген айыптар тағылған.

Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева әкесі президенттіктен кеткен соң Сенат спикері болып, билік иерархиясындағы екінші адамға айналды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG