Қазақстандық құқық қорғаушылар халықаралық қауымдастықты Қазақстан билігін саяси тұтқындарды босатып, саяси қудалауды тоқтатуға көндіруге шақырды.
16 наурыздан бастап Қазақстанда төтенше жағдай жарияланған. Сол уақыттан бері Қазақстанның кемінде жеті қаласында пікірін ашық айтып жүрген кемінде 32 белсенді ұсталған. 17 адамға айыппұл салынған немесе ескерту берілген. 6 сәуірде жарияланған құқық қорғаушылар мәлімдемесінде осындай мәлімет айтылады.
Құқық қорғаушылардың пікірінше, бұл көрсеткіштер "Қазақстан билігінің індетпен күресудің орнына саяси оппоненттерін қудалауды жалғастырып жатқанын" көрсетеді.
Мәлімдемеде тұтқындардың қорғансыздығы және түрмелердегі санитарлық жағдайдың нашар екені айтылады. Олар түрмеде коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшін жедел шара қолдану қажеттігін алға тартқан.
"Біз құқық қорғау ұйымдары саяси тұтқын деп таныған: Әсет Әбішев, Алмат Жұмағұлов, Кенжебек Әбішев, Арон Атабек, Макс Боқаев, Ержан Елшібаев, Жамбыл Көбейсінов, Руслан Гинатуллин, Игорь Чуприн, Игорь Сычев, Мұрагер Әлімұлы, Қастер Мұсаханұлын мерзімінен бұрын ерте босатып, өтелмеген жаза мерзімін жазаның жұмсартылған түрімен алмастыруды сұраймыз" делінген құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның Facebook парақшасында жарияланған мәлімдемеде.
Мәлімдемеге Бақытжан Төреғожинамен қатар құқық қорғаушылар Ғалым Ағелеуов, Елена Семенова, "Қаһарман" құқық қорғау тобы, "405" құқық қорғау қозғалысы өкілдері қол қойған. Мәлімдеме БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі Жоғарғы комиссары, Еуропа кеңесі, Еуропарламент, ЕҚЫҰ-ның демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы (БДИПЧ/ЕҚЫҰ), Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы және Қазақстандағы бірқатар елшіліктерге бағытталған.
Құқық қорғаушылар мәлімдемеде айтылған жайттармен келіскен қолданушыларды пост астына комментарий ретінде аты-жөнін, қызметін жазып, қол қоюға шақырған. Бір күн ішінде жазбаның астына жүздеген пікір жазылған, шамамен 200 рет репост жасалған.
Наурыз айының ортасында билік төтенше жағдай жариялағаннан кейін екі күн өткен соң қылмыстық атқару жүйесі комитеті түрмеде коронавирус жоқ екенін мәлімдеген. Бірақ комитет төтенше жағдай кезінде тұтқындарға туыстарымен кездесуге тыйым салған. Комитет дерегінше, түрмелерде коронавирустың таралуына жол бермеу шаралары жүргізілген. Тергеудегі азаматтар мен тұтқындар қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген, дезинфекция жасалып, инфекциялық бақылау күшейген. Камералар кварц сәулесімен тазартылып, маска режимі енгізілген.
Ал бірақ құқық қорғаушылар мәлімдемесінде түрмелерде карантин шарттары сақталмай жатқаны, тұтқындар мен түрме қызметкерлерінің маска тақпай жүргені, қорғаныш құралдары жоқ екені айтылған.
Оқи отырыңыз: Түрмеде отырғандарды коронавирусқа байланысты босату керек пе?
Құқық қорғаушылардың айтуынша, билік тұтқындардың шынайы жағдайы туралы ақпаратты жүйелі түрде жасырады, көбіне қылмыстық атқару жүйесі комитеті таратқан "үстірт, объективті емес" ресми ақпаратқа сүйенеді.
Қазақстанда соңғы мәлімет бойынша, 685 адамнан коронавирус табылған. Олардың 51 пайызы - Нұр-Сұлтан мен Алматыда. Екі қала 19 наурыздан бері карантинге жабылған. Наурыздың соңы және сәуір айының басында бірқатар қалалар мен облыстар, аудан, ауылдар карантинге көшкен.
ПІКІРЛЕР