Accessibility links

Лондон соты Нұрәли Әлиев пен Дариға Назарбаеваның қымбат үйіне шыққан ордердің күшін жойды


Нұрәли Әлиев.
Нұрәли Әлиев.

Лондонның Жоғарғы соты 8 сәуірде “шығу төркіні белгісіз байлыққа алынған үш жылжымайтын мүлікті” бұғаттау ордерінің күшін жойды. Бұл үш қымбат үйдің бірінде Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Нұрәли Әлиев тұрып жатқан.

Ұлыбританияның қылмыспен күрес жөніндегі агенттігі Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Нұрәлі Әлиевке тиесілі болуы мүмкін деген күдікпен Лондондағы екі зәулім үйді және бір қымбат пәтерді бұғаттаған еді. Құны 80 миллион фунт стерлинг (104 млн доллар) болатын екі зәулім үй мен бір пәтер Нұрәли Әлиев пен оның шешесі Дариға Назарбаеваға қатысы бар офшор компанияларының иелігінде.

Ұлыбритания құқық қорғау органдары олардан жылжымайтын мүліктерді қандай ақшаға алғанын түсіндіруді талап еткен еді.

Лондон жоғарғы соты үш ордердің де күшін жойған. Судья Джастис Лангтің сотта келтірілген дәлелдерге көңілі толмаған.

Ұлыбританияның қылмыспен күрес жөніндегі агенттігі Лондондағы екі зәулім үй мен пәтер Дариға Назарбаеваның бұрынғы күйеуі, Нұрәлінің әкесі марқұм Рахат Әлиевтің заңсыз ақшасына сатып алынғанын дәлелдеуге тырысқан. Офшор компаниясын Рахат Әлиев ашты және мүлік сол компанияға тиесілі деген деректің растығына судья Лангтің көзі жетпеген.

Сот шешімінде мүліктің "өз бетінше табыс табуға қабілетті әйел" Дариға Назарбаеваға тиесілі болуы мүмкін екені айтылған.

Reuters агенттігі Дариға Назарбаева мен Нұрәлі Әлиев өкілдерінің сөзінен үзінді келтірген. Сотта Назарбаеваның мүддесін қорғаған өкіл "Назарбаева толық ақталды" және "өз атына кір келтірмес үшін оның қатаң процедуралармен күресуіне тура келді" деп айтқан.

Ал Әлиев зерттеу кезінде "заңбұзушылықтар болғанын" айтып, істі "негізсіз" деп атаған. Оның сөзіне қарағанда Ұлыбританияның қылмыспен күрес жөніндегі агенттігі "негізсіз шағымдар" түсіріп, оған және отбасына "тіл тигізген".

Ұлыбританияның қылмыспен күрес жөніндегі агенттігі шешімді апелляцияға беретінін айтқан.

Агенттік 2019 жылы мамыр айында ордер шығарып, жылжымайтын мүлікке уақытша тыйым салған.

Ұлыбритания билігі бұрынғы Совет одағы құрамында болған елдерден шыққандардың күмәнді ақшаны заңдастыруына қарсы күресті 2018 жылы бастаған. Британ соты осы кезге дейін құны ондаған миллион фунт стерлинг тұратын мүлікті бұғаттаған. Алғашқы іс әзербайжан банкирі Джахангир Хаджиев пен әйелі Замира Хаджиеваның мүлкімен байланысты.

Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиевке Қазақстан соты "мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған", "адам ұрлаған", "қылмыстық топ құрған" деген айыптар бойынша сырттай ұзақ мерзімге түрме жазасын кескен. 2015 жылы ақпанда Вена түрмесінде бір кісілік камерада қамауда отырған Рахат Әлиев өлі табылған.

Оқи отырыңыз: Лондондағы күдікті мүліктің бенефициары ретінде Дариға Назарбаеваны атады

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG