Accessibility links

Ауған үкіметі Талибанның жүзден астам мүшесін түрмеден босатты


Ауған үкіметі босатқан Талибанның жүз мүшесі. 9 сәуір 2020 жыл.
Ауған үкіметі босатқан Талибанның жүз мүшесі. 9 сәуір 2020 жыл.

Ауған үкіметі Талибан радикалды қозғалысының жүзден астам мүшесін түрмеден босатты. Бұл туралы Ауғанстанның ұлттық қауіпсіздік кеңесі (NSC) 12 сәуірде хабарлады.

Ұлттық қауіпсіздік кеңесі Twitter-де 11 сәуірде бостандыққа шыққан бірнеше тұтқынның суретін жариялады. Кеңес өкілдерінің айтуынша, босатылатын тұтқындардың тізімін жасаған кезде тұтқындардың жасы, денсаулық жағдайы мен жаза мерзімінің ұзақтығы ескерілген.

Ауған үкіметі 8 сәуірден бастап Талибанның 300 мүшесін босатқан.

Ал Талибанның ресми өкілі 20 тұтқынды босатып, Кандагардағы Қызыл Крест ұйымына тапсыратынын айтып отыр.

"Бүгін Кабул әкімшілігінің 20 тұтқыны босатылады" деді 12 сәуірде Талибанның ресми өкілі Сухаил Шахин. Бірақ ол бұдан басқа ақпарат айтпаған.

Ақпан айының соңында АҚШ пен Талибан радикалды қозғалысы тарихи келісімге қол қойған еді. Бұл келісім жүзеге асса, Ауғанстаннан шетел әскері әкетілуі мүмкін, елде 18 жылға созылған қақтығысқа нүкте қойылуы мүмкін. Бейбіт келіссөз қарсаңында тараптар арасында сенім қалыптастыру мақсатында ауған үкіметі мен Талибан тұтқындарды босату бойынша келіссөз жүргізген. Оған сәйкес, ауған үкіметі Талибанның шамамен бес мың мүшесін босатады.

Ал Талибан ауған үкіметінің шамамен мың сарбазы мен азаматын босатуға уәде берген.

Егер Талибан келісімде жазылған міндеттерді орындаса, АҚШ пен НАТО 14 ай ішінде Ауғанстаннан әскерін алып кетеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG