Қамаудағы азаматтық белсенді Әсет Әбішев тәртіптік изоляторға қамалғаннан кейін аштық жариялаған. Бұл туралы Азаттыққа адвокаты Гүлнар Жуаспаева хабарлады.
- Әсет бес күннен бері изоляторда аштық жариялап, колония басшылығына наразылық білдіріп отыр. Ол былтыр қатты соққыға жығылып, басынан жарақаттанған. Денсаулығы жайлы хабар ала алмай отырмын. Карантинге байланысты Алматыдан шыға алмағандықтан колония басшылығынан Әсетпен аудио немесе видео арқылы сөйлестіруді сұрадым,- дейді адвокат Гүлнар Жуаспаева.
Алматы облысының Заречный кентіндегі 155/14 колониясының бастығы Жәнібек Қосжанов Азаттыққа Әсет Әбішевтың аштық жариялағанын растады.
- Қамалған күннен бастап төрт күн аш отырды, бүгін тамақ ішті. Денсаулығы жақсы, дәрігер бақылауында, - деп қысқа қайырған колония бастығы адвокат Гүлнар Жуаспаеваның хатына ресми жауап берілетінін айтты.
8 сәуірде адвокат Жуаспаева қорғауындағы азаматтық белсенді Әсет Әбішев «коронавирусқа байланысты қауіпсіздік шарасын күшейтуді, тұтқындарға қосымша маска беруді, дезинфекция жасауды талап еткені үшін карцерге қамалғанын» хабарлаған.
Бірақ Алматы облысының мамандандырылған прокуратурасы бастығының орынбасары Ербол Керімбек Әбішевтің «мобильді телефон ұстағаны» үшін 15 тәулікке тәртіптік изоляторға жатқызылғанын айтқан. Ол «Әбішев қауіпсіздік шарасын күшейтуді талап етті» деген сөзді де жоққа шығарған. Ербол Керімбектің сөзіне қарағанда, төтенше жағдай режимі басталғалы колонияда тәртіп күшейген.
«Әсет Әбішев сауатты адам, сондықтан заңсыз әрекеттерге бармайды» деп есептейтін адвокат Гүлнар Жуаспаева мекеме басшылығының үстінен шағым түсіретінін айтты.
42 жастағы Алматы тұрғыны Әсет Әбішев Қазақстанда сот шешімімен тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысына қатысы бар деп айыпталып, төрт жылға сотталған. Бұрынғы банкир, қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Аблязов жетекшілік ететін ҚДТ-ны Қазақстан соты «экстремистік ұйым» деп таныған. Еуропарламент 2019 жылғы резолюциясында бұл ұйымды «бейбіт оппозициялық қозғалыс» деп атаған.
Әбішев 2018 жылы 5 шілдеде қамауға алынып, 2018 жылы 30 қарашада сотталған. 2019 жылы 13 ақпанда апелляция соты үкімді өзгеріссіз қалдырған.
Адвокат Гүлнара Жуаспаеваның айтуынша, Әсет Әбішевке түрмеде өзге сотталғандардың құқығын қорғауға күш салғаны үшін мекеме әкімшілігі қатаң қарайды. Жуаспаева биыл мамыр айында «жоспарлы тінту шарасы» кезінде Әбішевтің таяқ жегенін мәлімдеген.
«Осы жайттар үшін түрме әкімшілігі кек сақтап отыр» дейді адвокат.
Құқық қорғаушылардың сарапшылар кеңесі былтыр Әсет Әбішевті Қазақстанның саяси тұтқындар тізіміне қосқан.
ПІКІРЛЕР