Коронавирус пандемиясына байланысты рамазан айында тарауық намазы мешіттерде жамағатпен оқылмайды. Бұл ақпаратты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлына сілтей отырып, биліктің Қазақстандағы коронавирус жайлы мәліметтерін тарататын coronavirus2020.kz жариялады.
ҚМДБ төрағасы таратқан хабарға қарағанда, "төтенше жағдайға байланысты карантин кезіндегі рамазан айында тарауық намазы мешіттерде жамағатпен оқылмайды. Әркім тарауық намазын өз шаңырағында отбасы мүшелерімен оқиды".
ҚМДБ төтенше жағдай кезінде онлайн-уағыздар мен дәрістердің арнайы кестесін бекіткен. Діндарлар сұрағына жауап беру үшін call-center ашқан.
Рамазан айы биыл Қазақстанда 24 cәуірде басталады. 30 күнге созылатын рамазан (ораза) айында кешкі ауызашардан кейін мешітке келгендер тарауық намазын бірге оқиды.
ПІКІРЛЕР