14 сәуір күні Шымкент қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты белсенді Руслан Жанпейісовті (шын аты-жөні Бейбарыс Райымбеков – ред.) "Шымкент қаласы бас санитарының карантин туралы қаулысын бұзғаны үшін" айыпты деп тауып, 35 тәулікке қамады. Бұл туралы Азаттыққа қалалық соттың баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, Жанпейісов Әкімшілік кодекстің "Төтенше жағдай режимін бұзу" бабымен - 10 тәулікке, "Төтенше жағдай кезінде құқықтық тәртіпті бұзуға итермелейтін әрекеттер" бабымен 25 тәулікке қамалды.
Қалалық сот "Шымкенттің бас санитары карантин кезінде аса зәру болмаса қалада көлікпен не жаяу жүруге тыйым салғанына қарамастан Жанпейісов 12 сәуір күні сағат 20:40-та тұрғылықты жері мен жұмыс орнынан бөлек көшеде жеке көлігімен жүріп, төтенше жағдай кезіндегі ережені бұзған. Ол тікелей эфир арқылы карантин кезінде енгізілген тәртіпке қарсылығын білдіріп, жағымсыз пікірін айтып арандатқан, полиция жұмысына кедергі келтірген" деп хабарлады.
Жанпейісовтің адвокаты Закир Асадовтың айтуынша, белсенді тағылған айыппен келіспейтінін, апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеген.
Жанпейісов Facebook парақшасында соңғы екі күнде бірнеше жазба мен тікелей эфирде түсірген видео жариялаған. Онда белсенді карантин талабын бұзбағанын, жүруге рұқсат қағазы болса да полиция себепсіз бір сағат блокбекетте ұстағанын айтқан.
14 сәуір күні ондаған полиция белсендіні үйінен алып кеткен.
13 қаңтар күні Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық соты полицейлердің әрекетін видеоға түсіріп танылған белсенді Жанпейісовтің үстінен қозғалған қылмыстық істі қарай бастаған. Онда жәбірленуші ретінде Шымкент қаласының тұрғыны Пірім Мұсаев пен қалалық полиция департаментінің инспекторы Марат Қуандықов танылған. Белсендінің сөзінше, Мұсаевқа "көлік жүргізіп келе жатқанда қауіпсіздік белдігін тағуды ұмытқанын айтқаны" үшін айыпталған. Ал жол жүру ережесін бұзған жүргізушіні видеоға түсірмек болғанда Қуандықов кедергі еткен. Сот процесі әлі аяқталмаған.
2017 жылдың қыркүйегінде Шымкенттегі Абай аудандық соты Руслан Жанпейісовтің бас бостандығын екі жарым жылға шектеген. Сот оны Қылмыстық кодекстің "Ақпаратты жасырып алудың арнайы техникалық құралдарын заңсыз дайындау, жасау, иемдену, өткізу немесе пайдалану" және "Қоғамдық бірлестіктер мүшелерінің мемлекеттік органдардың қызметіне заңсыз араласу" бабымен айыпты деп таныған.
ПІКІРЛЕР