Ақтөбеде уақытша қамау изоляторындағы 36 жастағы тұрғынның коронавирус жұқтырғаны анықталды. Одан бөлек 32 жастағы әйел адам мен оның екі баласынан да вирус табылған. Коронавирус жұқтырған екі баланың үлкені - 10-да, кішісі - 5 жаста. Бұған дейін коронавирус жұқтырған ақтөбелік пациенттер арасында балалар болған емес.
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Әсет Қалиевтің сөзіне қарағанда 32 жастағы әйелмен оның екі баласы вирусты сәуірдің 15-і күні инфекциялық ауруханаға түскен ерлі-зайыпты зейнеткерлерден жұқтырған.
- Елде карантин режимі енгізілгеніне қарамастан әйел адам балаларымен бірге ата-анасына жиі барып тұрған, - дейді Әсет Қалиев.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы 16 сәуір күні кешкілік уақытша қамау изоляторынан инфекциялық ауруханаға жіберілген азаматтың екі баласы бар әйелмен туыстығы жоқ екенін айтады.
- 36 жастағы азаматтан бөлек уақытша қамау изоляторының 8 қызметкері де оқшауланды. Кешелі бері науқастың араласқан адамдары тексеріліп жатыр. Оның ата-анасы осыған дейін коронавирус диагнозымен ауруханаға түскен ақтөбелікпен көрші тұратыны анықталды, - дейді Әсет Қалиев.
Ақтөбе облысы тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті ауру ошағында эпидемиологиялық зерттеу мен дезинфекция жасалғанын айтады. Коронавирус жұқтырғаны 16 сәуірде белгілі болған 4 науқастың жағдайы - бірқалыпты.
Ақтөбе облысында коронавирус жұқтырғандар саны 18 адам болды.
ПІКІРЛЕР