Accessibility links

"Төтенше жағдай режимін бұзды" деп айыпталған адвокат Закир Асадовтың ісі қысқартылды


Закир Асадов.
Закир Асадов.

17 сәуір күні Шымкент қалалық мамандандырылған әкімшілік соты "төтенше жағдай режимін бұзды" деп айыпталған адвокат Закир Асадовтың ісін қарауды қысқартты. Асадов – осыған дейін "төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін" 35 күнге қамалған белсенді Руслан Жанпейісовтің адвокаты. Асадов белсенді сотынан кейін сыртта журналистерге комментарий бергені үшін айыпталған.

Қалалық соттың баспасөз хатшысы Қабыл Дүйсенбінің Азаттыққа айтуынша, полиция Закировке Әкімшілік кодекстің "Төтенше жағдай режимін бұзу" бабымен айып таққан. Сот адвокаттың іс-әрекетінде әкімшілік құқық бұзушылық болмаған соң істі қысқартқан.

Сот елдегі карантинге байланысты онлайн режимде өтті. Іске Қазақстанның әр аймағынан бес адвокат қатысып, айыпталушы Закир Асадовтың құқығын қорғаған. Асадов айыптаумен келіспеген.

- Асадовтың қала аумағында қойылған блокбекеттерден өтуіне рұқсаты бар. Асадов блокбекеттерден өту үшін жеке көлігімен қала көшелерінде жүрген. Полиция оны сол үшін айыптаған. Екіншіден, 15 сәуір күні Асадов қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының кеңсесінен өз қорғауындағы белсенді Руслан Жанпейісовтің ісі бойынша шыққан қаулыны алған. Сот ғимаратынан шығып, іс бойынша журналистерге комментарий берген. Мұны полиция төтенше жағдай кезінде адамдарды топтастырды деп санаған, - дейді Закировтың адвокаты Болат Досыбеков.

14 сәуір күні кешке Шымкент қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты белсенді Руслан Жанпейісовті (шын аты-жөні Бейбарыс Райымбеков – ред.) Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің "Төтенше жағдай режимін бұзу" бабымен – 10 тәулікке, "Төтенше жағдай кезінде құқық бұзуға итермелейтін әрекеттер" бабымен 25 тәулікке қамаған. Сот белсенді 12 сәуір түнде тұрғылықты жері мен жұмыс орнынан бөлек көшеде жүріп, төтенше жағдай режимін бұзды және карантин кезінде енгізілген тәртіпке қарсылық білдіріп, полиция қызметіне кедергі келтірді деп айыптаған.

15 сәуір күні қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты түнде Жанпейісовпен бірге көлікте болған Әділ Нұрғалиевті де “Төтенше жағдай ережесін бұзды” деп 5 тәулікке қамады. Руслан Жанпейісов – полицейлердің әрекетін видеоға түсіріп жариялаумен танылған белсенді.

Қазақстанда коронавирустың тарауына байланысты 1 мамырға дейін төтенше жағдай жарияланып, елдің басым бөлігінде карантин енгізілген. Жұрттың көшеге шығуына тыйым салынған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG