Accessibility links

Белсенді Әлнұр Ильяшев екі айға қамалды


Әлнұр Ильяшев.
Әлнұр Ильяшев.

18 сәуірде Алматы қалалық тергеу соты азаматтық белсенді Әлнұр Ильяшевті екі айға қамау туралы қаулы шығарды. "Жалған ақпарат таратты" деп күдікке ілінген белсендінің 17 сәуірде кешке ұсталғаны белгілі болған. Адвокат Нұрлан Рахманов қаулыға қатысты шағым түсіретінін айтты.

- Мен карантинге байланысты Әлнұрды үйқамаққа жіберуді сұрадым. Алайда Алматы қаласы полиция департаментінің тергеушісі қамауға алуды сұрап, прокурор қолдап, судья тиісті қаулы қабылдады. Тергеушінің сөзіне қарағанда, Әлнұрдың әрекеті мен негативті сөздері мемлекеттік құрылым қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді екен, - деді адвокат.

Адвокаттың сөзіне қарағанда, тергеу орындары бұл істі қозғауда Әлнұр Ильяшев және екі белсенді Санавар Закирова мен Марат Тұрымбетовтерге қатысты былтыр қарашада шыққан Жетісу аудандық сотының шешімін негізге алған.

- Сот «Закирова, Ильяшев және Тұрымбетов желіде «Нұр Отан» партиясы «Наше право» партиясын құруға кедергі келтірді деген шындыққа жанаспайтын ақпарат таратты» деп танып, бұл жазбаларын жоққа шығаруды талап еткен. Бұдан бөлек, үш белсендінің әрқайсысына 1,5 миллион теңге айыппұл салған еді. Осыған байланысты тергеу орындары Әлнұрдың әлеуметтік желідегі жазған посттары мен видеоларын жинап, сот шешіміне қарамастан «Нұр Отан» мен билікті негізсіз сынады деп іс қозғаған. Видео дәлелдердің ішінде биыл 20 наурызда қала әкімдігі алдында Нұрсұлтан Назарбаевқа жасаған үндеуі бар, - дейді адвокат Рахманов.

Дегенмен сотта Ильяшев Facebook парақшасында сот талап еткендей жазбаларын терістегенін, айыппұлды жартылай төлегенін айтқан. Сондықтан "белсендіні Жетісу аудандық сотының шешімін орындамады деп қылмыстық жазаға тарту заңсыз" дейді адвокат.

Алматы полициясы билікті жиі сынап, түрлі шаралар ұйымдастырып жүрген азаматтық белсенді Әлнұр Ильяшевті 17 сәуірде кешке полиция әкеткен. Оның бауыры Дос Ильяшев жариялаған видеода полиция формасын киген бірнеше адамның өздерін таныстырмай Әлнұр Ильяшевті әкетіп бара жатқаны көрінеді.

Ізінше Алматы полициясының тергеу басқармасы Әлнұр Ильяшевтің «төтенше жағдай кезінде жалған ақпарат таратты» деген күдікпен уақытша изоляторға қамалғанын хабарлады.

Алматы полициясы «күдікті жұртшылықты әдейі жаңылыстырып, полицейлер талабына құлақ аспады», «Ильяшев өзі жариялаған ақпаратты сот талап етсе де терістемеді» деп мәлімдеді. Полиция белсендінің нақты қандай ақпарат таратқаны және қашан таратқаны жайлы мәлімет берген жоқ.

Қылмыстық кодекстің «көрінеу жалған ақпарат тарату» бабында (274-бап) үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Белсендінің бауыры Дос Ильяшевтың айтуынша, Әлнұрды полиция әкеткен кезде сол уақытта оның ата-анасының үйіне полиция қызметкерлері келіп тінту жасаған.

- Ата-анамыздың үйінде, Әлнұрдың әйелі мен тағы бір пәтерде тінту бір мезетте жүрді. Бас-аяғы 50 шақты адам жұмылдырылды, бір террористік топтың жетекшісін ұстағандай операция өткізді. Ата-анамыздың үйіне баса көктеп кіріп, оларды жерге жыққан. Анамыздың денесі көгеріп қалды. Әкеміз есеңгіреп, есін енді жиып жатыр. Үйде болған балалар қатты қорқып қалды. Ал Әлнұрдың кәмелет жасына толмаған қызы есінен талып қалды. Бауырым - заңгер, ол ешқандай жалған ақпарат айтпайды, - деді Дос Ильяшев Азаттық тілшісіне.

Алматылық белсенді Әлнұр Ильяшев әлеуметтік, адам құқығы мен бейбіт митингілер тақырыбында көпшілік жиындарда белсенділік танытып келген. Алайда оны көпшілігі жергілікті әкімдікті сотқа берген белсенді деп біледі. Белсенді бейбіт митинг өткізу үшін әкімдікке 35 рет өтініш жазып, рұқсат ала алмаған. Осыдан соң ол әкімдікті сотқа беріп, жеңіліп қалған. Кейін әкімдік Иляшевқа бейбіт митинг өткізуге рұқсат берген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG